Алты адам көз жұмған оқиға: сүт фермасында қаза тапқандардың жақындарына қандай көмек көрсетіледі?

Алты адам көз жұмған оқиға: сүт фермасында қаза тапқандардың жақындарына қандай көмек көрсетіледі?
Фото: Tengrinews.kz

Павлодар облысында болған жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен азаматқа қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

20 шілдеде Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы ЖШС аумағында өндірістік жұмыстар кезінде жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан алты адам қаза тапты. Тағы бір қызметкер дәрігерлердің бақылауымен медициналық көмек алып жатыр.

Қандай көмек көрсетіледі?

Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ, Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлар қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

"Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен азаматқа мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан қолдау көрсетіледі. Жұмыс беруші материалдық көмек көрсетуді, қаза тапқан қызметкерлердің жалақысы мөлшеріндегі төлемді жыл соңына дейін сақтауды, сондай-ақ, олардың несиесін өтеуді өз мойнына алды. Бұдан бөлек, компания қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларын кәмелет жасына толғанға дейін асырап, оқуына байланысты шығындарын толық өтемек", - деп жазылған хабарламада.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысып, өңір басшылығының, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен үйлестіру кеңесін өткізді.

Министр қаза тапқандардың туыстарымен де кездесіп, оларға көңіл айтып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Үкіметтің бақылауында болады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget