Павлодарда Aktogai Milk ЖШС кәсіпорнының бас директоры Александр Терентьев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Биыл шілдеде ферма аумағында алты жұмысшы, оның ішінде 17 жастағы мектеп оқушысы қаза тапқан еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәсіпкер, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев ұсталғаны туралы ақпарат 11 тамызда Telegram арналардың бірінде пайда болды.
Павлодар облысы Полиция департаменті бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын және үш күдікті ұсталғанын растады. Сонымен қатар, полиция тергеу мүддесіне сүйеніп, бұл ақпарат тікелей Терентьевке қатысты бар-жоғын нақтыламады.
"Бұл дерек бойынша Павлодар облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазір үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Павлодар облысы Полиция департаменті өкілі.
Сондай-ақ, қылмыстық іс аясында қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатқаны айтылды.
Расталмаған мәлімет бойынша Терентьевпен бірге ферманың атқарушы директоры және техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері де ұсталған.
Еске салайық, Павлодар облысы Жоламан ауылында орналасқан сүт фермасындағы төтенше жағдай 20 шілдеде болған еді. Aktogai Milk ЖШС аумағында алты адам, соның ішінде 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Тағы бір зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша адамдардың өліміне кәріз құдығындағы жөндеу жұмыстары кезіндегі улану себеп болуы мүмкін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова