Альцгеймер ауруының алғашқы белгілерін адамның сөйлеуінен анықтауға болады

Альцгеймер ауруының алғашқы белгілері тілде көрініс табады. Сөзі мен сөйлеуінде ауытқулар байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет. Сонда аурудың алдын алуға болады. Ал тілде қандай ауытқушылықтар болатыны Альцгеймер ауруы мен неврозды емдеу орталығының директоры, м.ғ.к. Жібек Жолдасованың А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарына оқыған дәрісінде айтылды.

Маманның айтуынша, сөйлеу – мидың когнитивті функцияларының бірі. Жадтың нашарлауы, назар тоқтату, назар аударудың, ойлаудың бұзылуы алдымен тілде көрініс табады.

"Альцгеймерге шалдыққан адамның бастапқы белгілері мыналар: сөзді ұмытып қалу, керек сөзді есіне түсіре алмау, сөздің мағынасын шатастырып айту. Мұндай адамның әсіресе лексиконы – сөздік қоры азайып кетеді. Күнделікті қолданып жүрген сөздерінің өзін ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан ұмытқан сөзінің орнына синонимдерді ауыстырып, алмастырып қолдана береді. Кейбірінің мағынасы сәйкес келмесе де, бір-біріне ұқсас, туыстас сөздерді қолданады. Мәселен, "кітап" деудің орнына "газет" деуі мүмкін. Бір қарағанда екеуі ұқсас сөз сияқты, бірақ мағынасы бір емес", - дейді Ж.Жолдасова.

Сондай-ақ аурудың бастапқы кезеңіндегі адамдар өзінің жасы, балаларының жасы, олардың саны, есімі сынды қарапайым ақпараттардың өзін ұмытып қалатын көрінеді.

"Мәселен, "сіз нешедесіз?" деген сауалға тура жауап бере алмай, туған жылын айта салуы мүмкін. 1950 жылғымын, 1956 жылы туғанмын деп. "Сенен жасым үлкен" деп те жауап қатуы мүмкін. Бірақ бұл сұрақтың тура жауабы емес. Бұл – жанама жауап. Қосымша сауал қойып, баласының, немересінің санын, жасын сұрап көрсеңіз де болады. Егер оған да нақты жауап бере алмаса, адамның ойлауы нашарлай бастады деген сөз", - дейді маман.

Аурудың бастапқы кезеңіндегі тілдік ауытқулардың бұдан басқа да белгілері барын айтады. Оған мыналар жатады:

Нақты деректерді есіне түсіре алмай қиналады. Мұндайда зат есімнің орнына көбіне есімдіктерді (ол, сол, соны, оларды, т.б.) қолданады;

Ай-күнді, уақытты, мезгілді, жылды атай алмай, таба алмай қиналады. Далада қай мезгіл, бүгін қай күн, қай ай екенін нақты айта алмайды;

Бір сауалды қайталап сұрай беруі немесе бір нәрсені қайталап айта беруі мүмкін;

Затты тура атай алмай, алмастырмалы тілдік бірліктермен сөйлеуі мүмкін (мәселен, "орындық" дегенді "ана тұрған нәрсе, сіз отырған нәрсе, отыратын нәрсе" деп тура атамай, алмастырып, анықтауыштық сипатта айту);

Баяндауы, әңгіме айтуы бұзылады; бір оқиғаны бастан-аяқ толық айтып бере алмайды, үзіп-жарып айтады; бір оқиғаны айтып келе жатып, екінші бір оқиғаға "секіріп кетуі", шатастырып айтуы жиілейді; ұзақ әңгімелесіп отыра алмайды;

Сөзді ұмытып қалса, оны еске түсіруге тырыспайды; ойына келгенді, ауызына түскенді автомат айта салуы мүмкін;

Егер науқас бірнеше тілді білсе, оларды шатастырып (парафразия), алмастырып қолдануы мүмкін; кейде бір тілді мүлде ұмытып қалуы ықтимал;

Ойлауы баяулайды, назар тоқтатуы (концентрация) нашарлайды;

• Өзіне айтылған сөзді, қаратпаны қабылдай алмайды, оны қорыта алмайды;

Кәсіби қабілеттері нашарлайды (мәселен, суретші болса, сурет сала алмай қалады, т.б.);

 Оқу, жазу қабілеті жоғалады;

Ал қиын жағдайда науқас сөйлеуді ұмытып, тек бір-екі кезекші сөздерді ғана қайталай беруі мүмкін.  

"Бұл бір қарағанда қартайған адамның бәріне тән ортақ белгі боп көрінуі мүмкін. Олай емес. Керісінше, қартайған адамның жады, ойлауы жақсы болуы тиіс. Өйткені жинаған тәжірибесі, білімі мол болғандықтан, ақпаратты есте сақтауы әлдеқайда жақсы келеді. Британ ғалымдарының зерттеуіне сенсек, ғалымдардың ең өнімді, еңбек мол жазатын сәті 60-80 жас аралығы екен. Яғни, қарт адам керісінше ақыл-ой еңбегіне бейім келеді. Сондықтан қарт адамға қартайды, ақыл-есі ауысты, бұл заңды деп қарамау қажет. Егер жоғарыда біз атаған Альцгеймердің белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігердің көмегіне жүгініп мұның алдын алу керек", - деп түсіндірді Ж.Жолдасова.

Маманның айтуынша, Альцгеймерге алып келетін 11 фактор бар, олар мыналар:

1. Белсенді өмір салтын ұстанбау;
2. Темекі шегу мен ішімдік ішу;
3. Лас ауа;
4. Созылмалы аурулардың алдын алмау, асқындырып алу;
5. Әлеуметтік изоляция; қарым-қатынастан қол үзу;
6. Семіздік;
7. Күйзеліс;
8. Қант диабеті;
9. Қан қысымы;
10. Бас жарақаты;
11. Білім алмау.

"Альцгеймерден ада болу үшін осы факторларға мән беру керек. Белсенді өмір салтын ұстанып, жағымсыз әрекеттерден бас тарту қажет. Қартайған шақта "жатып қалуға" болмайды. Әрдайым мидың жұмысына мән беріп, білім алуға, бір нәрсені үйренуге, жаңа дүниені тануға, белсенді болуға тырысу аса маңызды. Қарапайым мысал. Би билеуді, ән айтуды, домбыра шертуді, тоқыма тоқуды, есеп шығаруды үйреніңіз. Мидың когнитивті қорын арттырыңыз. Ол үшін оқу оқып, білім алыңыз", - деп кеңес берді маман.

Маманның айтуынша, аурудың алдын алуға да, одан жазылуға да болады. Ол үшін ауруды ерте анықтаудың маңызы зор. Оны емдеуге арналған екі преператтың түрі бар. Тағы 28 препарат сынақтап өтіп жатыр. Алдағы 10-20 жылда Альцгеймермен тиімді күресетін дәрі-дәрмектер пайда болуы мүмкін.

Айта кетейік, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Альцгеймерді зерттеуші мамандармен байланыс орнатып, аурудың алғашқы белгілерін анықтаудың жолын табуды жоспарлап отыр. Ол үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, адамның сөйлеуі мен тілдік белгілеріне қарап эмпирикалық лингвистикалық базаның негізінде диагноз қоюдың амалдарын қарастырмақ.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Қ.Слямбек

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!