Жуырда Аралдың суы көбейгені белгілі болды. Ал біраз уақыт бұрын әлеуметтік желі мен БАҚ-та Аралға жаңбыр жауғызып, теңізді толтырамын деген Алтай Айнабектің әрекеті қызу талқыға түсті.
Алтай Айнабектің әрекетіне қатысты Massaget.kz тілшісінің сауалына су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров жауап берді.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Алдамжаров Алтай Айнабектің Арал теңізіне деген қызығушылығын құптайтынын жеткізді. Алайда министрлік өкілі бұл бір адамның қолынан келетін іс емес екенін айтты.
"Бір адамның күш-жігерімен жылдар бойы су тапшылығы мәселесіне ұшыраған теңізді бірнеше айда суға толтыру мүмкін емес. Солтүстік Аралда су көлемінің ұлғаюы - жеке бір азаматтың емес, су шаруашылығы қызметкерлерінің көп жылдық жұмысының нәтижесі", - деді министрлік өкілі.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, Аралды толтыру, оны қалпына келтіру жобасының бірінші кезеңі 2002 жылы басталып, 2008 жылы аяқталған, нәтижесінде Көкарал бөгеті салынған.
"Ұзындығы 13 шақырым болатын гидротехникалық құрылыс Солтүстік Аралдағы су деңгейін реттейді. Яғни біз бұл жұмысты 10 жылдан артық уақыт бойы істеп келеміз", - деді вице-министр.
Нұрлан Алдамжаров Аралдағы су көлемінің ұлғаю себептері басқа екенін де айтты.
"2023 жылдан бері байқалған Арал теңізіндегі су көлемінің ұлғаюы ең алдымен Сырдария өзені бойынша ағынның ұлғаюына байланысты. Бұл - суды дұрыс бөлудің, су дипломатиясының, Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен келіссөздер мен келісілген жұмыстың нәтижесі. Су бөлу туралы айтқанда тасқын суы емес екенін ескерген жөн. Оңтүстікте тасқын суы мол болған жоқ. Бұл - қолда бар су ресурстарын қайта бөлу туралы сөз", - деді министрлік өкілі.
Министрліктің ресми ақпаратында былтыр суару маусымында Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келісілген 3,7 млрд текше метрдің орнына 4,8 млрд текше метрден аса су келгені, бұл Арал теңізіне рекорд көлемде, яғни шамамен 1 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік бергені айтылған.
"Қызылорда облысының шаруалары биыл 200 млн текше метрден аса су үнемдеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" кәсіпорнының жергілікті филиалы ол суды да Солтүстік Аралға жіберді", - деп түсіндірді вице-министр.
Бұған дейін Алтай Айнабек Massaget.kz-ке көлемді сұхбат беріп, өзі мен технологиясының құпиясын ашты. Rainman лақап атымен танылған Алтай Айнабек - Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген International Center of Climate Change Technologies мекемесінің басшысы. Ол - халықаралық климаттық технологиялар саласының маманы әрі сарапшы, климатты басқару жүйесінің авторы, инженер. Алтай Айнабектің айтуынша, бұл салада 8 жылдық тәжірибесі бар.
Өзінің сөзіне сенсек, бұған дейін Қазақстанда осы бағытта бірнеше мәрте жұмыс істеген. 2022 жылы наурыз, сәуір, мамыр айларында Маңғыстауда тәжірибе жасаған. 2023 жылы Түркістан облысында тәжірибе жүргізген. Одан соң Аралда жұмыс істеді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша теңіздегі су көлемі 42 пайызға ұлғайып, 27 млрд текше метрге жетті. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жеткен. Министрлік бұл Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің қорытындысы екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін "Қазгидрометтен" де Алтай Айнабектің әрекетіне пікір білдіруді сұрадық. Алайда Massaget.kz-ке берген ресми жауабында ведомство жеке және заңды тұлғалардың жұмысына баға бермейтінін айтты.
Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі бұған дейін Аралға жасанды жолмен жаңбыр жауғызған іс-әрекет министрлік тарапынан зерттелмегенін және жасанды жаңбырдың әсерін бағалау жан-жақты зерттеуді қажет ететінін хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!