Өскеменде Алтай Invest 2018 халықаралық форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты шетелдік инвесторларға Шығыс Қазақстан өңірінің инвестициялық әлеуетін көрсету. 20-ға жуық мемлекеттің бизнес өкілдері әуелі аймақтың тауар өндірушілерінің өнімдерімен танысып, баға берді. Ал, пленарлық жалпы отырыста барлығы 110 инвестициялық жоба таныстырылды. Олардың бағасы 886,2 миллиард теңгеден асады. Форумға қатысушылар бірінші көрмеге қатысып, Шығыста өндірілетін өнімдермен таныс болды. Шығыс Қазақстан облысындағы аудан мен қалалар өз жобаларын көрсетіп, оларды бірге дамытуға шақырды. Бұл болашақ инвесторлармен байланыс орнатуаға мүмкіндік берді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Корея, Венгрия, Франция, Қытай және өзге елдерден келген қонақтарға жергілікті өнімдерді көрсетіп, аймақтың инвестициялық әлеуетімен, инвестиция салуға аса қолайлы энергетика, ағаш өңдеу, ауыл шаруашылығы салаларының мүмкіндіктерімен таныстырды. Форум нәтижесіне сәйкес, жалпы сомасы 295 миллиард теңге болатын 45 келісім мен меморандумға қол қойылды. Ресми келіссөздер аяқталғанда іскер топ өкілдері өзара тәжірибе алмасуға, қолға алған жобалардың тетіктерін жан-жақты талқылауға тағы бір мүмкіндік алды.