- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматының үздік мейрамханалары...
Алматының үздік мейрамханалары мен қонақүйлері «Универсиада ұсынған» сертификаттарын алды
Алматыда мегаполис әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен қалалық сервистік кластерді дамыту мәселесі бойынша кеңес өтті, - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
«Туризм - әлемдік экономикадағы болашағы зор саланың бірі, тіпті дағдарыс кезінде де табыс табады. Оның үстіне, бұл салада да жыл сайын бәсекелестік арта түсуде. Халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша туризм экономиканың аралас 30 саласының дамуына ықпал етеді екен. Бұл ретте Алматының әлеуеті жоғары, қазірдің өзінде әрбір екінші шетелдік турист оңтсүтік астанаға келеді», - деді Б.Байбек.
Әкім қаладағы қонақүйлер мен тамақтану орындарының сервисін жақсарту, туристік азық- түлік өнімдерінің түрін көбейту қажеттігін атап өтті. Ол қалалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа да көптеген мәселелерді ойдағыдай шешу ісінің одан әрі жалғасатынын, сол арқылы туристік тартымдылықтың арта түсетінін де қадап тұрып жеткізді.
Жиын барысында қоғамдық орындардың орналасуы мен қонақжайлылығына қатысты Алматының даму Орталығы жүргізген зерттеудің қорытындысы шығарылды.
АДО басқармасының төрайымы Жанна Төлегенова объектілердің алты бағыт бойынша зерттелгендігін айтты. Олар: кездесу, тұтыну талабын анықтау, коммуникация және сату, пікірталастырушылармен жұмыс істеу, кешіру және ортақ ескертпелер. Қорытынды баға клиенттер пікірінің 4 деңгейі бойынша шығарылды – үздік, жақсы, қанағатанарлық, қанағатанғысыз.
«Зерттеу жұмысы «Құпия сатып алушы» әдісі бойынша жүрді. Онда арнайы анкета толтырылды әрі жаппай іріктеу бойынша тиісті баллдар қойылды. Қоғамдық тамақтандырудың 106 объектісінің 69-ы «Үздік», 23-і «Жақсы», 13-і «Қанағаттанарлық», тек біреуі ғана «Қанағаттанғысыз» деген баға алды. Орналасуы бойынша зерттелген 84 обьектінің 29-ы «Үздік», 35 -і «Жақсы», 20 -ы «Қанағаттанарлық» бағаларын иеленді. Орналасуы жағынан барлық нысандар қанағаттанарлық болып шықты», - деді Ж.Төлегенова.
Жиын соңында «Универсиада ұсынады» сертификаттарын 99 қонақ үйлер мен 106 қоғамдық тамақтандыру орындары алды.
«Ресми мәлімет бойынша Универсиада жарыстары кезінде қонақүйлер мен мейрамханалардың жұмыс тығыздығы 84%-ға артады. Труистік бағыттардың қауырттығы 400%-ға ұлғаяды. Ал ойындар аяқталған соң қаланың труиистік потенциалы 2,5 есе өседі. «Универсиада ұсынады» сертификаттары және шильдалармен бірге Универсиаданың бренд-буктарын ескере отырып, мейрамханаларды, қонақүйлерді, ойын- сауық орындарын безендірудің бірнеше түрлері көрсетілген флеш-карталарды да тараттық», - деді «28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданы өткізуді ұйымдастыру дирекциясы» МҚ-ның басшысы Наиль Нуров.
Назарларыңызға, қысқы Универсиада Алматыда 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттік ойындар бағдарламасына спорттың 12 түрі енген. Алматыға әлемнің 57 елінен 2 мың спортшы келеді деп күтілуде.
T. Кіршібаев