Әлеуметтік желіде Алматыдағы университеттердің біріне "бомба қойылғаны" туралы ақпарат тарады. Полиция департаменті өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәліметке сүйенсек, 20 қазанда таңертең Халықаралық бизнес университетінің (UIB) электрон поштасына ғимаратқа "жарылғыш құрылғы қойылғаны" туралы хат келген. Ақпаратқа сәйкес күзет қызметі және учаскелік полиция инспекторлары ғимаратты тексеру туралы шешім қабылдаған.
Студенттердің айтуынша, тексерістен кейін олар ғимаратқа оралып, сабақ әрі қарай жалғасқан.
Алматы Полиция департаменті қаланың әртүрлі ауданында орналасқан үш жоғары оқу орнына "жарылғыш зат қойылған болуы мүмкін" деген ақпарат түскенін хабарлады.
Оқиға орындарына шұғыл қызметтер жіберілген. Мамандар қауіпсіздік шараларын сақтап, ғимараттар мен оған іргелес аумаққа кешенді тексеріс жүргізген.
"Тексеріс нәтижесінде жарылғыш зат туралы ақпарат расталмады. Қауіпті заттар табылған жоқ", - деп мәлімдеді Алматы ПД өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова