Қазақстанда алдағы уақытта өтетін АЭС бойынша референдумға дайындық қызу жүріп жатыр. Соның ішінде Алматы қаласы дауыс беру құқығы бар тұрғындардың саны бойынша елімізде көш бастап тұр. Қаладағы аумақтық сайлау комиссиясының жұмысымен Massaget.kz тілшісі танысып қайтты.
Біздің сұхбаттасушымыз, Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Қазыбек Өмірзақұлы дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Жаңалықтардың бірі – тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың да дауыс бере алатындығы.
"Референдумның 40 учаскесінде Қазақстанда еш жерде тіркелмеген азаматтарды тіркеу бойынша сервистер ашылады. Осылайша, оларға 2024 жылдың 6 қазанында референдум күні дауыс беруге мүмкіндік беріледі", – дейді Қазыбек Өмірзақұлы.
Қала тұрғындарына қажетті ақпаратты жеткізу мақсатында арнайы стендтер де орналастырылған.
"Біз референдум кезінде үгіт-насихат жүргізе алмаймыз, тек ақпараттандыру жұмыстары жасалады. Мысалы, адам қайда барып дауыс беретінін немесе үйден шыға алмайтын жағдайда қалай дауыс бере алатынын білуі керек. Міне, осындай сұрақтарға жауап беретін стендтер жасалған", – деп түсіндіреді маман.
Алматы қаласы тұрғындары үшін 4 түрлі цифрлы сервис енгізілген.
"Қала бойынша 4 сервис жұмыс істейді: біріншісі – QR-кодтар, екіншісі – Telegram-боттар, үшіншісі – қала сайтындағы сілтеме және open.almaty сайтындағы сервис. Бұл сервистер арқылы тұрғындар ЖСН нөмірін енгізіп, қай учаскеде дауыс беру керектігін біле алады", – дейді маман.
Біз де бұл сервисті қолданып көрдік және шынымен де қолдану оңай әрі түсінікті екеніне көз жеткіздік.
Учаскені тексеру үшін арнайы сайт іске қосылды - referendum.gov.kz. Сайттан ақпарарат алу үшін келесі қадамдарды орындау керек:
"Алматы қаласы референдумға дайындығын белсенді жүргізіп жатыр. Бүгінде дауыс беру құқығы бар 1 260 000 адам бар. 495 000 мекенжайға шақыру билеттері таратылды. Олардың 90 пайызы сайлаушыларға табысталды", – деп атап өтті Қазыбек Өмірзақұлы.
Алматы қаласындағы 4000-нан астам маман арнайы оқытудан өткен.
"Біз референдум комиссиясында қызмет ететін 4000-нан астам адамды апта сайын оқытып жатырмыз. Олардың әрқайсысы заңнаманы және референдум тәртібін білуі қажет. Ертеңгі күні олар бәріне дайын болуы керек", – дейді маман.
Бостандық ауданының 254 референдум учаскесінде дайындық жоғары деңгейде жүргізілген.
"Бұл жерде зағип жандарға арналған арнайы құрылғы бар. Онымен дауыс беру мүмкіндігі барынша ыңғайлы етілген. Бұл құрылғы арнайы Брайль қарпімен жасақталған және дыбыстық қолдауы бар, осылайша, көру қабілеті нашар азаматтар да өз таңдауын жасай алады. Барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз", – дейді учаске төрағасының орынбасары Айтолқын Нұрсағатқызы Үсенбаева.
Алматы қаласы референдумға толықтай дайын деп айтуға болады.
Бұған дейін "АЭС Қазақстанға не береді?" тақырыбында сарапшыдан пікір алған едік. Одан бөлек Курчатовтағы ғалымдардың “Шағын күн өндіремін“ атты мақаласын оқи аласыз. Республика бойынша референдумға дайындықты да шола отырыңыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!