Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ОКҚ-дағы брифинг барысында Орталық стадионда өткен "Челси" матчынан кейін мегаполистің халықаралық имиджі туралы журналистердің сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала басшысының айтуынша, УЕФА Конференция лигасы аясында 12 желтоқсанда өткен "Астана" мен "Челси" арасындағы матчқа шамамен 21 мың адам қатысқан.
"Естеріңізде болса, біз кешірім сұрадық. Матч басталғанға дейін стадионның шығыс секторындағы алты қатардың аралығында уақытылы тазалық жүргізілмеген. Орталық стадионның басқармасы бұл жұмысты толық атқармағандықтан, тиісті шаралар қабылданды", - деді Ерболат Досаев.
Ол бұл жағдайдан қорытынды шығарылғанын, бірақ оның ойынның өзіне еш әсер етпегенін және ағылшын командасы мен УЕФА тарапынан шағымдар болмағанын атап өтті.
"Келесі жылы біз Орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарын бастаймыз. Орнын 32 мыңға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Стадион барлық стандарттарға сай, жабық нысан болады. Бүгінгі таңда жаңа ЕРС-келісімшарт (толық аяқтауды қамтитын жүйе) бойынша даму тұжырымдамасы бекітілді. Бұл стадионда еуропалық және әлемдік деңгейдегі жоғары дәрежелі жарыстар өткізуге болады. Бұдан бөлек, мен Орталық стадион басшылығына сапалы жұмыс жүргізу үшін қосымша компанияларды тартуды тапсырдым", - деді әкім.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!