Алматының орталығындағы сауда павильоны сот шешімі бойынша бұзылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы мәліметінше, Қалдаяқов көшесі, 19 бойында орналасқан нысан заңсыз деп танылған. Меншік иесі (жеке тұлға) нысанды қосымша рұқсат құжаттарынсыз тұрғызған және оның пайдалануға беру актісі болмаған.
Басқарма ҚР ӘҚБтК-нің 323-бабы бойынша шаралар қабылдап, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген.
"Нұсқама талаптары орындалмағандықтан басқарма осы нысанды бұзу туралы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді. Соттың 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен талап қанағаттандырылды", - деп жазылған хабарламада.
Меншік иесі сот шешімін орындау үшін нысанды бұзған.
Айта кетейік, қалада 2023 жылдың басынан бері 66 заңсыз нысан толығымен немесе ішінара бұзылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз