Алматыда полиция қызметкерлері автоматтандырылған жүйелерден түсірілген бейнежазбаны қарау аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған және азаматтардың тыныштығын бұзған құқықбұзушыны анықтап, жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәртіп бұзушы 21 жастағы тұрғын болып шықты. Ол тәртіп бұзушылықты түнгі бірде BMW көлігімен Достық даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысында жасаған.
"Жол қозғалысы ережесін бұзған адамға бес құқықбұзушылық дерегі бойынша хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, қауіпсіздік белдігін тақпау, дұрыс емес жерден бұрылу, жолдың бетін зақымдау және түнгі уақытта тыныштықты бұзу. Оның көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды", – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Сонымен қатар Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен құқықбұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!