Алматының Наурызбай ауданында 2026 жылы "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында 35 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Олар қоғамдық кеңістіктер құруды, жүргіншілер аймақтарын көркейтуді, тротуарлар мен сыртқы жарықтандыру жүйесін салуды, аумақтарды көгалдандыруды және автоматты суару жүйелерін орнатуды қамтиды. Бұл жөнінде Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Нәзира Тоғызбаева айтты.
Әкімдік мәліметінше, жаңа қоғамдық кеңістіктердің бірі - аумағы 1 гектар болатын саябақ. Мұнда 200 ірі көлемді ағаш, 85 қылқан жапырақты ағаш, шамамен 30 мың бұта және 1,5 мың раушан гүлі егілді. Жобада жүргіншілер жолдары, жарықтандыру, автоматты суару жүйесі, субұрқақ, "Отбасы" композициясы, перголалар және балалар ойын алаңы қарастырылған.
Сонымен қатар, әкімдік дерегінше, ауданды көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың басынан бері Қалқаман шағынауданында 1,5 мың ағаш, 26 мыңнан астам бұта және 17,5 мың гүл егілді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін тағы 1 мың ағаш егу жоспарланып отыр.
"Биыл жасыл желекті көбейтуге және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл жұмыстар тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған", – деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің айтуынша, тағы бір қоғамдық кеңістік Тастыбұлақ өзені бойында құрылып жатыр. Жүргіншілер аймағының ұзындығы - 1,4 шақырым. Мұнда жүргіншілер жолдары мен тротуарлар салынды, аумақ көгалдандырылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Жобаны толық аяқтау желтоқсан айына жоспарланған.
Биыл "Нұрлы Дала" тұрғын үй кешені мен Қалқаман шағынауданындағы 11 аула да жаңартылады. Былтыр "Алма Сити" тұрғын үй кешеніндегі 33 аула көріктендірілген.
"Биыл бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Негізгі міндет - тұрғындар мен балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы аула кеңістігін қалыптастыру", - деді Нәзира Тоғызбаева.
Жалпы, 2023 жылдан бері "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында Шұғыла шағынауданында жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болатын үш жүргіншілер аймағы көркейтілді. Қалқаманда аумағы 0,5 гектар болатын сквер құрылды. Сондай-ақ, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге арналған амфитеатр салынып, балалар және футбол алаңдары жаңғыртылды.
Алматы әкімдігі ұсынған материал