Алматының үш туристік нысаны The Worldworthy 100 халықаралық редакциялық рейтингінің 2026 жылғы шығарылымына енді. Кімасар және Бутаков шатқалдары әлемдегі үздік жаяу туристік бағыттардың қатарынан көрінсе, Шымбұлақ аспалы жолы алғашқы ондыққа кірді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Кімасар шатқалы әлемдегі үздік жаяу туристік бағыттар рейтингінде 56-орынға тұрақтады.
Бұл шатқал Алматы маңындағы жаяу серуендеуге қолайлы бағыттардың бірі саналады. Маршрут табиғат аясында тынығуды, таулы аймақпен серуендеуді және белсенді демалысты ұнататын туристер арасында танымал.
Кімасар шатқалының бағыты қылқанжапырақты орман, тау бөктері және табиғи көріністер арқылы өтеді. Оның қалаға жақын орналасуы да туристер үшін маңызды артықшылықтардың бірі.
Бутаков шатқалы әлемдегі ең үздік жаяу туристік бағыттар тізімінде 79-орын иеленді.
Шатқал өзінің тау жолдары, орманды алқаптары мен табиғи көріністері арқылы танылған. Бұл бағытқа жылдың әр мезгілінде жаяу серуендеуді және тауға шығуды ұнататын тұрғындар мен туристер барады.
Кімасар мен Бутаков шатқалдарының халықаралық рейтингке енуі Іле Алатауы табиғатының туристік әлеуетін және жаяу туризмді дамыту мүмкіндігін көрсетеді.
Шымбұлақ аспалы жолы әлемдегі ең үздік 100 аспалы жол рейтингінде 9-орын алды.
Осылайша, Алматыдағы туристік нысан әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына енді. Аспалы жол келушілерге биік таулы аймақтың көрінісін тамашалап, Шымбұлақ тау курортына көтерілуге мүмкіндік береді.
Шымбұлақтың қалаға жақын орналасуы, дамыған туристік инфрақұрылымы және Іле Алатауының көркем табиғаты оны Алматының ең танымал туристік орындарының біріне айналдырған.
Кімасар шатқалы, Бутаков шатқалы және Шымбұлақ аспалы жолы Worldworthy 100 рейтингінің 2026 жылғы лауреаттары атанып, арнайы сертификаттармен марапатталды.
Worldworthy 100 – туристердің пікірлері мен бағалауларына, журналистік зерттеулерге және ашық дереккөздердегі мәліметтерге негізделетін халықаралық редакциялық рейтинг.
Алматы таулары жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. 2026 жылдың қаңтарынан қазанына дейін Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына 1,6 миллионнан астам адам барған. Mastercard деректеріне сәйкес, 2025 жылы Shymbulak шетелдік туристер арасында Алматының ең танымал туристік орны атанды. Қаладағы туристік нысандарға жасалған шетелдік сапарлардың 30,62%-ы осы бағытқа тиесілі.
«Алматының бірден үш таулы туристік нысанының әлемдік үздік жүздікке енуі – қаламыздың туристік әлеуетінің жоғары бағаланғанын көрсететін маңызды жетістік. Бүгінде Алматы саяхатшыларды табиғатының көркемдігімен ғана емес, белсенді демалысқа арналған сан алуан мүмкіндігімен де қызықтырады. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында қолжетімділік пен қауіпсіздікке, бірегей табиғатты сақтауға ерекше назар аудара отырып, тау туризмін дамытуды жалғастырамыз», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері.
Алматы тау кластері жобасын жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жоба аясында аспалы жол желісін дамыту, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және жыл бойы демалуға арналған жаңа мүмкіндіктер жасау көзделген.
Үш бірдей таулы туристік нысанның бірден халықаралық деңгейде жоғары бағалануы Алматының Орталық Азиядағы табиғат аясында демалу және белсенді туризм бойынша жетекші бағыттардың бірі ретіндегі орнын нығайта түседі.
Айта кетейік, бұған дейін Шарын шатқалы да Worldworthy 100 рейтингінде әлемдегі үздік шатқалдардың арасында 17-орынға ие болған еді.