Алматының коммуналдық қызметі қар жауады деген болжамға байланысты жұмысты күшейтті

Алматының коммуналдық қызметі қар жауады деген болжамға байланысты жұмысты күшейтті
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

8 қаңтардан бастап қар жауады деген болжамға байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазгидромет" РМК-ның мәліметінше, 8 қаңтар күні түнде және таңертең қалада қардың қалыңдығы 9 мм-ге дейін жетіп, көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде -5…-7 °С-қа дейін төмендеп, күндіз -2…0 °С шамасында болады.

7 қаңтар күні қар күреу жұмыстарына 438 арнайы техника мен 968 жұмысшы тартылды. 2024-2025 жылдары қысқы маусым басталғалы бері 220 мың текше метр қар шығарылды.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жолды уақытылы әрі тиімді тазарту үшін қала тұрғындарына:

  • автокөліктерді, әсіресе түнгі уақытта, жол жиегінде қоймауды;
  • жолдар мен автотұрақтар бойына орнатылған ескерту конустарына назар аударуды ескертті.

"Қар шығару жұмыстары таулы және тау бөктеріндегі аудандарда ерекше назарға алынып, қар күреу жұмыстары белсенді жүргізіледі", - деп хабарлады Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге ұсыныстар:

  • Көктайғаққа байланысты көлік жүргізушілерінен жылдамдық режимі мен көліктер арасындағы қашықтықты сақтау және қар шығару техникасы жұмыс істеп жатқан аумақтарда көлік қоймауға шақырады;
  • Жаяу жүргіншілер жолдан өткенде, әсіресе көше дұрыс көрінбей қалған кезде және жол тайғақ болған жағдайда аса сақ болғаны жөн.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лес
Logotype Massaget