Алматының Көк базарындағы саудагерлер бас көтерді. Олардың айтуынша, жаңа директор талай жылдан бері сауда жасап, нәпақасын тауып жүрген азаматтардан орнын босатуды талап еткен. Ал базар әкімшілігі кәсіпкерлер келісімшартты өздері бұзғанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Алматылық Жанар Райымқұлова бір ай бұрын базар басшылығынан "орныңды босат" деген хабарлама алған.
"7 қыркүйекте "заңсыз орында тұрсың" деп менің 5 орнымды алып тастады. Бірақ ол орынға мен заңды түрде жалға алу ақысын төлеп келгенмін, тіпті келісімшарт та болған. Кейін әкімдіктен үлкен кісілер келіп, "орныңды босат" деді де, мен тұрған жерді тартып алып, басқа адамдарға берді. Сонда мені кім қорғайды? Көпбалалы анамын, Қазақстан азаматымын, ай сайын заңды түрде салығымды төлеймін", - дейді саудагер Жанар Райымқұлова.
Көк базарда одан бөлек "орнымнан айырылдым" деген тағы 30-ға жуық кәсіпкер бар.
Ал базар әкімшілігі кәсіпкерлер келісімшартты өздері бұзғанын айтады. Олардың сөзінше, саудагерлер жалға алған орындарын үшінші адамға қайта жалға берумен айналысқан. Ал бұған шарт бойынша тыйым салынған екен.
"Біз еш ескертусіз барып, ешкімнен орындарын тартып алмадық. Ресми хат жібердік, ескерттік. Тіпті себебін түсіндірдік. Саудагерлер келісімшартты өрескел бұзғанын анықтадық. Олар жалға алған орындарын үшінші адамға қайта жалға берген. Ал бұған рұқсат жоқ. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген орындарға да тұрып алған сатушылар бар", - деді Көк базардың ресми өкілі Нұрлан Қадырбаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!