Алматының қоғамдық орындарында алғаш рет 24 дербес кітапхана орнатылды

Алматының қоғамдық орындарында алғаш рет 24  дербес кітапхана орнатылды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласы кітапхана саласында инновациялық шешімдерді белсенді енгізуді жалғастырып жатыр. Шаһар әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша мегаполистің қоғамдық орындарында алғаш рет оқырмандарға кітап ұсынатын заманауи автоматтар орнатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"24 дербес кітапхана тоғыз метро станциясында пайда болды, атап айтсақ: "Райымбек батыр", "Жібек жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Мұхтар Әуезов", "Алатау", "Сайрам" және "Мәскеу", сондай-ақ Медеу және Әуезов аудандарының ХҚКО-ларында, "Спутник", "Атакент", "Азия паркі" сынды сауда орталықтарында, Медеу және Түрксіб аудандарындағы жастар комьюнити орталықтарында және Sail коворкингінде орнатылды", - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Автоматты қондырғылардың көмегімен оқырмандар дәстүрлі кітапханаға бармай-ақ кітаптарды таңдап алып, бірнеше күн бойы оқи алады. Оқып болған соң әдебиеттерді 24 аппараттың кез келгеніне немесе қалалық кітапханалар филиалына қайтара алады. Ол үшін оқу билеті болуы керек. Егер ол болмаса, сіз тіркеуден өтіп, "Қала оқырмандары клубына қосыла аласыз". Қажет болған жағдайда әр азамат "Алматы кітапханаларына" қарасты 28 филиалдың бірінен оқырман билетін ала алады, оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, кітап оқығанды жақсы көретіндер almatylibrary.kz сайтын пайдаланып, қажетті кітаптарды таңдап, тапсырыс беріп, оларды онлайн режимде оқи алады. Берешек пен борышкерлерді автоматты түрде есепке алу үшін қайтару мерзімдерін қадағалау жүйесі енгізілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет