Алматының кейбір жерлеріне ескі көліктермен кіру ақылы болуы мүмкін

Алматының кейбір жерлеріне ескі көліктермен кіру ақылы болуы мүмкін
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Алматыда шығарындылары аз аймақтарды енгізу жоспарланып отыр, оған ескі көліктермен кіру ақылы болады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2025-2027 жылдарға арналған бағдарлама әзірледік, өнеркәсіптік шығарындыларды азайту, сондай-ақ, көлік секторын реттеу есебінен айтарлықтай нәтижелерге қолжеткіземіз деп үміттенеміз", - деді ол.

Алматыда әлемдегі ең ірі мегаполистердің үлгісі бойынша автотұрақ құнын арттыру, сондай-ақ, шығарындылары төмен аймақтарды (Low-emission zone) құру жоспарланып отыр. Бұл мәселе қоғамдық кеңес пен мәслихаттың талқылауына ұсынылады.

"Қазіргі экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін көліктер үшін мұндай аймақтарға кіру ақылы болады деп жоспарланып отыр. Алайда электромобильдер мен экологиялық таза көлік иелеріне шектеулер әсер етпейді", - деп жазылған мәліметте.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ауасы ең лас және ауасы ең таза елді мекендер қайсы екенін жаздық. Ең лас қалалар қатарында Алматы да бар. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова