Алматының қақ ортасында орналасқан №73 мектеп-гимназиясы ғимаратының жағдайы адам шошырлық. Әйтсе де оқушылар осы мектепте оқуға мәжбүр. Қабырғасы сөгіліп, баспалдағы опырылған нысанның рекострукциясы 2024 жылдың ІІ тоқсанында басталады деген әкім уәдесі неге кейінге қалып отыр? Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.
Жалпы саны 1 148 оқушыға арналған аралас тілді №73 мектеп-гимназиясы Бостандық ауданында орналасқан. 1960 жылы пайдалануға берілген ғимараттың күрделі жөндеу жұмысын көрмегелі біраз болғаны байқалады. Мектептің көшеге қараған қасбеті еш мәселеден белгі бермегенімен, артқы ауладан ашылатын көрініс жаға ұстатады. Сылағы опырылып, кірпіш табаны сыртқа шығып, кіреберістегі баспалдақтар сынған. Терезе жақтауында үлкенді-кішілі жарықтар бар. Желдеткіш құбырларды тот басып, кей жерлерде майысып кеткен. Мектепке кіруге рұқсат бермеді, десе де дуал сыртынан кадр жинай алдық.
© Суретте: № 73 мектеп-гимназиясының көшеге қараған қасбеті
Пайдалануға берілгеніне 65 жылға жуықтаған ғимараттың артқы қасбетінің жөндеу көрмегеніне талай жыл болғаны байқалады.
© Суретте: № 73 мектеп-гимназиясының артқы ауласы
Ата-аналар да мектептің білім беру сапасы жақсы болғанымен, ғимаратының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін жеткізді.
"Бұл жерде менің қызым оқиды. Мектептің жағдайы өте нашар. Қарап тұрсаңыз, оқу орны қаланың дәл ортасында орналасқан. Бұл жерде халық көп тұрады. Сол себепті мектептің жағдайы мұндай болмауы керек. Ауыл мектептерінің өзі біздің мектептен жақсы көрінеді. Жөндеу жұмыстарын жасауға жыл сайын уәде беріледі. Дегенмен әрқашан қалып кетеді", - дейді ата-аналардың бірі Наталья.
Десе де, тағы бір ата-ана мектептің алдағы уақытта жөндеу жұмыстарына жабылатыны жайлы ескертілгенін айтты.
"Бұл жерде екі балам оқиды. Мектепке ауысып келгенімізге 1 жыл енді толды. Жыл басында директор мектептің жөндеуге жабылатынын ескертті. Балалар басқа мектепке ауыстырылатынын айтты. Қателеспесем, №146 мектепке ауысамыз. Ата-аналардың арасында бұл шешім ыңғайсыз болғандықтан, мүлде басқа жерге кетіп жатқандар бар. Көреміз енді, бастысы – мектепті жөндеп берсе болғаны", - дейді ата-аналардың бірі Динара.
Мектептің жақын арада жөндеуге жабылатынын №73 мектеп-гимназиясының директоры да растады. Негізгі ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмек екен.
"Мектепте дәл қазір 1 041 бала оқып жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттар тиісті органдарға табысталды. Алдағы уақытта бәрі бекітілсе, мектеп жөндеу жұмыстарына жабылып, оқушылар №146 мектеп лицейіне ауыстырылады. Ата-аналардың бәріне ескертілді", - деді мектеп директоры Гауһар Маутхановна.
© Суретте: Апатты мектепке кіріп бара жатқан оқушылар
Алматы әкімі Ерболат ДОСАЕВ биылғы жылдың наурыз айында Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде 2024 жылдың екінші тоқсанында №73 мектепте сейсмикалық күшейту жұмыстары және 450 орындық жаңа ғимараттың салу жұмыстары басталады деп уәде берген еді. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.
Өткен жұмада аудан халқымен өткен соңғы кездесуінде де әкім № 73 мектеп-гимназиясының құрылысын осы жылдың ІV тоқсанында бастамақ екенін тағы жеткізді. Мәселе неде?
Бұл беталыспен уәде етілгендей, құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың соңында аяқтау мүмкін бола ма? Қала әкімдігінен жауап күтеміз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз