Үкімет Алматының 2040 жылға дейінгі даму перспективаларын айқындайтын Бас жоспардың жаңа редакциясын бекітті. Құжатта қаланы полицентрлік жүйемен дамыту, метро мен LRT желілерін кеңейту, өнеркәсіптік аумақтарды жаңғырту және жасыл аумақтарды ұлғайту көзделген, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Тиісті өзгерістер Үкіметтің 2026 жылғы 31 қазандағы №961 қаулысымен енгізілді. Құжат 16 қарашадан бастап күшіне енді.
«Алматы қаласының Бас жоспары – қаланы перспективалық кешенді дамыту, аумақты жоспарлау, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымы жүйесін қалыптастыру бағыттарын айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты», – делінген қаулыда.
Бас жоспарды іске асырудың алғашқы кезеңі 2030 жылға дейін, ал есептік мерзімі 2040 жылға дейін белгіленген.
Алматы бірнеше орталыққа бөлінеді
Жаңа Бас жоспар бойынша Алматыны дамытудың полицентрлік моделіне көшу көзделген. Бұл қалада бір ғана орталыққа тәуелді болмайтын бірнеше белсенді аудан қалыптастыруды білдіреді.
Әрбір полицентрде тұрғын үйлер, жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, көлік және коммуналдық қызметтер теңгерімді орналасуы тиіс.
Полицентрлердің негізгі бағыттары:
- Солтүстік – өнеркәсіптік аумақтар мен ескі тұрғын үйлерді жаңғырту, демалыс орындарын дамыту және көгалдандыру;
- Шығыс қақпасы – логистика, көрме және ойын-сауық инфрақұрылымы, медицина мен фармацевтика;
- Тарихи орталық – туризм, мәдениет және қызмет көрсету;
- Батыс – өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көлік-логистикалық хаб;
- Оңтүстік-батыс – шағын өнеркәсіптік парктер, сауда және логистика.
Алғашқы өзгерістер Жетісу ауданы мен Түрксіб ауданының бір бөлігінде басталады. Бұл аумақтарда кейбір өндіріс орындары мен базарларды көшіру, тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту, көшелерді кеңейту және скверлер салу жоспарланған.
Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары байланыстырылады
Қаланың солтүстік бөлігіндегі көлік инфрақұрылымы Алматы-1 теміржол вокзалының айналасында дамиды. Алматы-2 вокзалына дейін екінші теміржол жолын салып, көлік-логистикалық торап құру көзделген.
Шығыс бөлікте жылдам жүретін трамвай, «Шығыс» автовокзалы, BRT желісі және қала маңындағы көлік түрлерін біріктіретін мультимодальды торап салынады.
Сонымен қатар көлдер мен өзендерді қамтитын 120 гектар табиғи аумақты абаттандыру жоспарланып отыр.
«Алтын Орда» базары өзгереді
Қаланың оңтүстік-батысында «Алтын Орда» базарын агроөңдеу кәсіпорындары орналасатын көтерме-тарату орталығына айналдыру қарастырылған.
Бұл аумақта:
- сауда-логистикалық орталықтар;
- іскерлік нысандар;
- «Батыс» автовокзалы;
- метро және LRT станциялары салынады.
Батыс бөлікте экологиялық талаптарға сай келетін кәсіпорындарды орналастыру арқылы индустриялық аймақ кеңейтіледі. Мұнда колледждер, жалға берілетін тұрғын үйлер және жас мамандарға арналған жатақханалар да бой көтереді.
Бұрынғы тергеу изоляторының орны өзгереді
Алматының тарихи орталығында ғимараттарды қалпына келтіру, мәдени нысандардың айналасын абаттандыру және кеңес дәуірінде салынған үйлердің тозған инженерлік желілерін жаңарту жоспарланған.
Алматы ауыр машина жасау зауытының аумағы мен Сейфуллин даңғылындағы бұрынғы №1 тергеу изоляторы орналасқан жерді заманауи квартал мен іскерлік кластерге айналдыру көзделіп отыр.
Метро желісі тоғыз есе ұлғаяды
Бас жоспардың маңызды бөлігі көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған.
Алматы метросының жалпы ұзындығын:
- қазіргі 13,4 шақырымнан;
- 2030 жылға қарай 35 шақырымға;
- 2040 жылға қарай 123,6 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған.
Қолданыстағы бірінші метро желісінің құрылысы аяқталып, екінші айналма және үшінші желілердің құрылысы басталады.
Алғашқы LRT желісінің ұзындығы 31 шақырым болады. Ол қаланың батыс аудандарын Алматы-2 вокзалымен, «Батыс» және «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстыруы тиіс. 2040 жылға қарай LRT желілерінің жалпы ұзындығы 79 шақырымға жетеді.
Райымбек даңғылының бойымен екінші BRT желісін салу да қарастырылған.
Веложолдардың ұзындығы 2030 жылға қарай қазіргі 96 шақырымнан 262,8 шақырымға дейін ұлғаяды. Ал 2040 жылы қоғамдық көлік желілерінің жалпы ұзындығы 1214 шақырымға жетуге тиіс.
Қалдықтар бөлек жиналады
2027 жылдан бастап Алматыда тұрмыстық қалдықтарды міндетті түрде бөлек жинау жүйесін енгізу жоспарланған. 2040 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 60 пайызға жеткізіледі.
Сонымен қатар тәулігіне 2 мың тонна қалдықты өңдей алатын энергетикалық кәдеге жарату зауыты мен макулатура өңдейтін кәсіпорын салу көзделген.
Алматыда жасыл аумақтар көбейеді
Қоғамдық пайдаланудағы көгалдандырылған аумақ көлемін бір адамға шаққанда 2025 жылғы 12,4 шаршы метрден 2040 жылы 16,3 шаршы метрге дейін арттыру жоспарланған.
Баум тоғайын, зираттар мен санитарлық-қорғау аймақтарын абаттандыру және жаңа қоғамдық жасыл кеңістіктер құру қарастырылып отыр.
Қаладағы өзендердің тұрақты ағысын қалпына келтіру, су қорғау аймақтарындағы құрылысқа қойылатын талаптарды күшейту де жоспарланған. Ені 35 метр болатын су қорғау белдеулерінде күрделі құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейді.
Табиғи ландшафтарды және ауа ағындарының еркін қозғалысын сақтау үшін тау бөктеріндегі үстірттерге құрылыс салуға тыйым салынады.
Алматыда LEZ аумағы қалай кеңейтіледі?
Алматыда экологиялық шектеулі аймақтар (LEZ) кезең-кезеңімен кеңейтіледі:
- 2027-2030 жылдары ауданы шамамен 15 шаршы шақырым болатын Кіші айналма жол шегіндегі орталық аймақ, Алмалы ауданы және Медеу ауданындағы тау бөктеріндегі демалыс аймағы (ұлттық парктің қорғау белдеуі) қамтылады. Бұл аумақтарға экологиялық класы Еуро-3-тен төмен жеңіл көліктер мен Еуро-4-тен төмен жүк көліктері, сондай-ақ, 10 жылдан асқан дизель автобустарына кіруге тыйым салынады. Көліктің экологиялық класына қарай тұрақ ақысы да әртүрлі болады;
- 2040 жылдан бастап PM2,5 бөлшектері шекті мөлшерден асқан барлық ауданда экологиялық шектеулі аймақтар енгізіледі.
Қазір пилоттық LEZ аймағы мына көшелер аумағында белгіленген:
- Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай;
- Абай даңғылынан солтүстікке қарай;
- Желтоқсан көшесінен шығысқа қарай;
- Достық даңғылынан батысқа қарай.
Экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2027 жылға дейін 2-ЖЭО көмірден табиғи газға көшіріліп, жеке секторды толық газдандыру жоспарланған. Көмір жағу тоқтатылуға тиіс.
2030 жылға дейін автобус паркі электр және газбен жүретін көліктерге ауыстырылады. Жоспар бойынша қоғамдық көлік қаладағы жолаушылардың жартысынан астамын тасымалдауы керек. 2025 жылы бұл көрсеткіш 38 пайыз болған.
2040 жылға қарай Еуро-0 және Еуро-1 экологиялық санатына жататын көліктердің үлесін 2 пайызға дейін азайту көзделген. Билік сол уақытқа дейін Еуро-5 және Еуро-6 санатындағы жеңіл көліктер мен электрмобильдер қаладағы автопарктің 90 пайызына жетеді деп үміттенеді.
"Қала аумағында қалдықтарды көмуге арналған жаңа полигондар салу жоспарланбаған. Қалдықтардың өңдеуге жарамсыз бөлігі Алматы облысының Қарасай ауданындағы Kaz Waste Conversion, Іле ауданындағы ADC Taza Alem және Талғар ауданындағы "Эко Сервис Групп" полигондарында көміледі", – деп жазылған Бас жоспарда.
Басты мақсаттардың бірі - Алматыға "бау-бақша қаласы" мәртебесін қайтару.
2030 жылға дейінгі инвестиция көлемі шамамен 11,2 триллион теңге деп бағаланып отыр. Құжатпен, соның ішінде Бас жоспардың сызбасымен мына жерден танысуға болады.

Алматының Бас жоспары. Үкіметтің 2026 жылғы 31 қазандағы қаулысының сызбасы
О. Сансызбай