Алматының элиталы, қымбат аудандарының бірі Медеу ауданының тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр. Көп қабатты үйлердің тұрғындары аптап ыстықта тіршілік нәрінсіз қалған. Әкімдік мәліметінше жауын-шашынның қатты түсуінен су лайланып, сумен жабдықтау көздері бітеліп қалған. Алғашында ашынған халықты "25-шілдеге дейін су болады" деп сендіріпті. Алайда арада бір апта өтсе де су сол күйі жоқ. Massaget.kz тілшісі су тасушы көлікке күндері қараған қаланың қымбат ауданы тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Қаланың элиталық аудандарының бірі "Медеу" ауданының сусыз қалуы ақылға томпақ дүние. Десе де шіліңгір шілдеде тұрғындар тіршілік нәріне жарымай отыр. Мәселен, бір ғана "Қажымұқан, 59" мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің өзінде 240 отбасы тұрады. Әр жанұяда кем дегенде 3-4 кішкентай бала бар. Күн ұзақ су тасушы көлікті күткен тұрғындар әкімдіктен "су қашан нақты болатынын" сұрап отыр. Осы үйдегі тұрғындардың бірі Елена Криворучко жанайқайын жеткізді.
"Мұндай ыстықта сусыз қалай өмір сүруге болады? Әкімдік 25-шілде күні су болатынын айтқан. Міне бір апта өтті. Су әлі жоқ. Енді қашан берілетінін де айтпай отыр. Біз қала билігінің бізге нақты түсіндіргенін қалаймыз. Не үшін біз аптап ыстықта тіршілік нәрінсіз қалуымыз керек?" - дейді қала тұрғыны.
Әкімдік әзірге судың нақты қашан берілетінін айта алмай отыр. Ал шіліңгір шілдеде сусыз қалған халық шыдамы жетсе әкімдік уәде еткен су тасушы көлікті күтеді немесе тіршілік нәрін дүкеннен тасып ішуге мәжбүр.
Ал тұрғындар мәселеміз бір екі күнде шешілмейтін болса "көшені жабамыз" деп бекініп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!