Алматының экс-әкімінің ұлы Ирландия азаматы болып шықты

Анонимді Telegram-арналарда Даниэль Храпунов – Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың кенже ұлы – Ирландия азаматтығын алғаны туралы ақпарат пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengrinews.kz бұл мәліметті ресми халықаралық тізілімдер арқылы тексерді.

Швейцарияның Бірыңғай коммерциялық тізіліміндегі деректерге сәйкес, Даниэль Храпунов Женевада тіркелген Litigation Partners SA компаниясының директоры және жалғыз әкімшісі болып табылады. Құжатта оның "Ирландиядан" екені және Женева кантонының Мейнье коммунасында тұратыны көрсетілген.

 

Компания үшінші тұлғалардың сот істерін қаржыландырумен, қаржылық консалтингпен, сондай-ақ қарыздарды сатып алу, өндіріп алу және сатумен айналысады. Сонымен қатар, компанияға Швейцарияда да, одан тыс жерлерде де инвестициялық жобаларға қатысуға, қарыздар мен кепілдіктер беруге рұқсат етілген.

Бұдан бөлек, Храпунов-младший Лозаннада тіркелген Hookah Factory Sàrl компаниясының серіктесі ретінде де көрсетілген. Ал компаниялар мен жеке тұлғалар туралы бизнес-ақпарат жинайтын швейцариялық Moneyhouse сервисі оның азаматтығын ирландиялық деп көрсеткен.

 

Ұлыбританияның Тіркеу палатасының мәліметтері бойынша, Даниэль Храпунов Baldr Group LTD компаниясының акционері болып табылады. Бұл фирманың директоры ретінде Мадияр Әблязов – қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың 33 жастағы ұлы көрсетілген. Реестрде Мадиярдың азаматтығы – британдық, ал тұрғылықты елі ретінде Литва көрсетілген. Baldr Group – металл бұйымдарының, сантехникалық және жылыту жабдықтарының көтерме саудасымен айналысады.

 

Британдық The Guardian басылымы 2017 жылы хабарлағандай, Мадияр Әблязов 2013 жылы Ұлыбританиядан инвестор визасы мен тұрақты тұру құқығын алған. Басылымның мәліметінше, әкесі оның атына швейцариялық банкке миллионнан астам фунт стерлинг аударған. 2019 жылы Мұхтар Әблязовтың ұлы "алтын визаны" алған тұлғалар тізіміне кірген.

Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың ісі

Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов 2007 жылы Қазақстаннан кетіп, отбасымен бірге Швейцарияға қоныс аударған. 2018 жылдың қазан айында сот оны 17 жылға бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Храпунов пен жұбайы мемлекет қаржысын жымқыру, пара алу, алаяқтық және ақшаны жылыстату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткені үшін кінәлі деп танылды.

Сот Алматыдағы Самал-2 шағын ауданындағы Храпуновтарға тиесілі бес жер учаскесін, сондай-ақ элиталық аудандағы жеке үй мен вилланы, он шақты пәтерді, Самалдағы үш автотұрақ орнын және Әл-Фараби даңғылындағы бірнеше гаражды тәркілеуге шешім шығарды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Усть-Каменогорск қаласындағы төрт жер телімі мен кеңсе, Көкпекті ауданындағы үш жер, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы үш жер учаскесі тәркіленетін мүлік қатарына енгізілді.

Бұдан бөлек, Храпуновтарға тиесілі компаниялардағы барлық қолда бар және түсетін ақшалай қаражатты тәркілеу туралы да шешім шыққан.

Храпунов Швейцариядан тұруға рұқсат алған, және Tagesanzeiger газетіне берген сұхбатында: "Жиналған мүлік – әйелімнің еңбегімен келген" деп мәлімдеген.

2020 жылы Халықаралық зерттеу журналистері консорциумының (ICIJ) жаһандық есебінде Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпунов шетелдік банктер арқылы 755 миллион долларға жуық қаражатты жылыстатқан деп көрсетілген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!