- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматының бұрынғы әкімдері...
Алматының бұрынғы әкімдері қазір қайда?
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматыда бірнеше әкім қызмет еткен болатын. Бүгінде экс-әкімдер қайда? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Алматының Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы әкімі - Виктор Храпунов болған. Ол қаланы екі мерзім басқарды. Яғни алған 1991-1992 жылдары басқарса, кейіннен 1997 және 2004 жылдары аралығында қалаға басшылық еткен.
Храпунов 2007 жылдың қарашасында әйелі Лейламен Қазақстаннан кетіп қалған. Олар Женеваға кетті. Сол кезде олардың ұлы Ильяс Женевада білім алып жүрген. Храпунов Швейцарияда тұруға ықтиярхат алған. 2020 жылы Халықаралық журналистік тергеу консорциумының (ICIJ) жаһандық есебінде Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпунов шетелдік банктер арқылы шамамен 755 миллион доллар жымқырғаны туралы хабарланды.
Виктор Храпунов. Фото: ©viktor-khrapunov.com
Виктор Храпунов Алматы әкімі қызметінен босатылғаннан кейін 2004-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысын басқарған. Артынша бір жылға жетпес уақыттай Төтенше жағдайлар министрі болған. Бірақ 2007 жылы қарашада сол кездегі премьер Кәрім Мәсімовтің ұсынысымен Алматының су қорғау аумақтарында жер учаскелерінің заңсыз бөлінуіне байланысты, әкім жол берген бұзушылықтары үшін, Алматы тау бөктерін заңсыз салумен болған жанжалдан кейін отставкаға кеткен болатын.
Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласын 1992-1994 жылдары аралығында басқарды. 1990 жылдың наурызында Алматы қаласының әкімі ретінде Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының депутаты болып сайланды. Бір жылдан кейін, 1991 жылдың көктемінде, Нұрқаділов қалалық халық депутаттары кеңесінің төрағасы болды және комбинатта Компартияның қалалық комитетінің бірінші хатшысы болды (оның тарихында соңғы болып шықты). Тамыздағы төңкерістен кейін және КОКП таратылғаннан кейін, ол депутаттар Кеңесінің төрағасы қызметін сақтап қалды, ал 1992 жылдың көктемінде облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер институты құрылғаннан кейін, Нұрқаділов 1994 жылдың маусымының соңына дейін сол кездегі Қазақстанның бас қаласы Алматы қаласының 1-ші әкімі ретінде қызмет етті.
Заманбек Нұрқаділов. Фото: Әлеуметтік желідегі видео кадры
2005 жылдың 12 қарашасында Заманбек Нұрқаділов өз үйінде денесіндегі атылған үш оғымен өлі күйінде табылды. Екі оқ кеудесіне тиген, біреуі басына тиген. Болған оқиғаның ресми нұсқасы бойынша өз-өзіне қол жұмсаған деп танылды. Алматыдағы "Кеңсай" зиратына жерленген.
Заманбек Нұрқаділовтен кейін Алматыға 1994-1997 жылдары аралығы Шалбай Құлмаханов басшылық етті. Ол 1946 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Күйген ауылында фермердің көпбалалы отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1963 жылы құрылыс ұйымдарының бірінде ағаш ұстасы болып бастаған.
Шалбай Құлмаханов. Фото: ашық дереккөздерден
Құлмаханов әкім қызметінен кеткеннен кейін Төтенше жағдайлар саласында қызмет етті. 1997-2001 жылдары ТЖ комитетінің төрағасы, ТЖ агенттігінің төрағасы болып жұмыс істеді. Кейіннен 2001 жылдың мамырынан 2005 жылдың тамызына дейін Алматы облысының әкімі болды. 2005 жылғы тамыздан 2007 жылғы қаңтарға дейін Төтенше жағдайлар министрі болған. Ашық дереккөздердің мәліметінше, Шалбай Құлмаханов соңғы қызметінен кейін саясаттан кетіп, кәсіпке бет бұрған, көптеген ірі компанияға иелік етеді.
Иманғали Тасмағамбетов Алматыны 4 жыл басқарған. Яғни 2004-2008 жылдары аралығында оңтүстік астананың әкімі болды. Артынша 2014 жылға дейін Астана әкімі болды. Одан кейін Қорғаныс министрі қызметінде 788 күн болды. Одан кейін Премьер-министрдің орынбасары болса, Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі болған. 2019 жылы желтоқсанда зейнет жасына жетуіне байланысты мемлекеттік қызметтен босатылады да 2022 жылы Қазақстанның Гольф федерациясын басқарған. Бүгінде Тасмағамбетов саяси қызметке қайта оралып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бас хатшысы қызметін атқарып жүр.
Иманғали Тасмағамбетов. Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ахметжан Есімов 2008 жылы Алматы әкімі болып тағайындалғанға дейін түрлі қызмет атқарған. Ол бұл лауазымды 7 жыл атқарды. Есімовтің кезінде Алматыда қысқы Азия ойындары өткен. Сонымен қатар, метрополитен алғаш Ахметжан Есімовтің кезінде ашылған.
Ахметжан Есімов. Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Кейіннен 2015 жылдың 9 тамызынан "Астана ЭКСПО-2017" ҰК басқармасының төрағасы болды. Бұл қызметте екі жыл отырып, 2017 жылы "Самұрық-Қазына " АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ал 2021 жылы экс-президенттің штаттан тыс көмекшісі болды. Қазіргі таңда Есімов қайда жүргені белгісіз.
Қаланың экс-әкімі Бауыржан Байбек 2015 жылы Алматының әкімі болып тағайындалған. Байбек оңтүстік астананы 4 жылдай басқарып, артынша сол кездегі "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы болған. Ол бұл қызметтен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жұмысын сынға алғаннан кейін 2022 жылы ақпанда кетті.
"Сыни сәтте партияның барлық орасан зор кадрлық және адами әлеуеті, оның барлық тармақталған инфрақұрылымы толық көлемде тартылған жоқ", - деген еді Президент.
Ол ұйымдық құрылымды қайта қарауды, атап айтқанда партия төрағасының бірінші орынбасарының қызметін қысқартуды және оның орнына атқарушы хатшының позициясын енгізуді ұсынды. Соңғы рет Бауыржан Байбек Германияда көзге түскен болатын. Биыл 11 сәуірде желіде Германияда жүрген Бауыржан Байбектің суреті тарады. Суретті Lübecker Nachrichten Online неміс басылымы жариялады. Бұл биыл 14 ақпандағы сурет екен.
Фото: Lübecker Nachrichten Online
Басылым мәліметіне сүйенсек, Байбек жергілікті коммерциялық емес ұйым ұйымдастырған кешке қатысқан. Танымал музыканттың құрметіне салтанатты түрде ашу рәсімі болған. Ескерткіш пианист Эвелинда Тренкнердің құрметіне ашылған.
Байбектен кейін оңтүстік астанаға әкі болып Бақытжан Сағынтаев тағайындалды. Сағынтаев қаланы ең қиын кезеңдердің бірінде басқарған: 2020 жылы наурызда COVID-19 пандемиясына, 2022 жылы қаңтар оқиғасы тап болды. Ол 2022 жылдың 31 қаңтарында Алматы әкімі қызметінен босатылды.
Бақытжан Сағынтаев. Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Кейіннен Сағынтаев сол жылдың 1 маусымында Еуразиялық Экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі болып тағайындалғаны туралы хабар тарады. Сонымен қатар, 2022 жылы 11 тамызда тағы бір қызметке - Еуразиялық ынтымақтастық қаржы-бизнес қауымдастығының байқау кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Бүгінде Алматының әкімі - Ерболат Досаев. Ол былтыр 31 қаңтарда қала басшысы болып тағайындалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина