Алматының бірнеше ауданы жылусыз отыр

Алматыда 1984 жылы пайдалануға берілген құбырдың жарылуы салдарынан бірнеше аудан жылусыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 23 желтоқсанда Медеу ауданындағы Назарбаев даңғылы бойындағы жылу трассасында болған. "Алматы жылу желілері" ЖШС төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, апат құбырдың тозуы салдарынан болған.

Компанияның баспасөз қызметі бүліну салдарынан Сәтбаев - Достық, Тайманов көшелерінің контурында, сондай-ақ Самал 1, 2, 3 ықшам аудандарында тұтынушыларға жылу беру шектелгенін хабарлады.

"АЛТС" ЖШС жөндеу-құрылыс қызметі 24 желтоқсан күні сағат 01:00-ге дейін жылуды қалпына келтіруді жеделдету жұмыстарын жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.

Ведомство кез келген төтенше жағдай туындаған жағдайда (су, бу шығару және тағы басқа) өз бетінше әрекет етпеуді және оқиға туралы келесі телефондарға хабарлауды ескертті: +7 (727) 378-06-65 (24 сағат бойы), + 7 (727) 341-07-77 (сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін) немесе 109.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!