Туысқандарының айтуы бойынша
Жүрген жүрісі, киген киіміне қарап, оны көрген базбіреулер ішкіш немесе қайыр-садақа сұрағыш деп қате ойлап қалуы мүмкін. Біздің қоғам шүберекке қарап адамға баға беретін болған. Шын мәнінде, ол қисалаңдап жүрсе де ішкіш емес, жұпыны киінсе де алақан жайып жүрген жоқ. Балхаш Мамытбекұлы Кеңес Армиясының ІІ топтағы мүгедегі. Оларды белгілі бір тапсырмамен басшылық Тайгаға жіберген. Сөйтіп олардың бар екенін 34 күнге ұмытып кеткен. 1 айдан астам уақыт бойы ішер тамақсыз, жатын орынсыз, жылы киімсіз қалған ол аяғын үсіріп алады. Армиядан бір аяқсыз, екінші аяғының бармақтарынан айырылып, қатты күйзеліс алып келеді. Мүгедекке айналған Балхаш ешкімге керек болмай қалды. Өмір бақи жұмыс істемеді. Төрт қабырғадан шықпады. Армандары құр арман болып қалды. Күйзелістен шыға алмады. Оны Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы есепке алды.
30 тамыз Конституция күні Балқаш өз үйінен нан сатып алу үшін дүкенге шығады. Ол негізі ешқайда шықпайтындықтан қаланы білмейді. Алайда өз үйінен дүкенге апарар жолды білетін. 15 минутта оралуы керек еді. Бірақ оралмады. Дүкендегі сатушы Жетпісбаевты милиция өз машинасына отырғызып, алып кетіп бара жатқанын көзбен көріпті. Олар оның аты-жөнін анықтамақшы болған. Өз ойын нақты жеткізе алмай, асып-сасып, дірілдеп қорыққан Балхашты Әуезов ауданының учаскелік инспекторы Шайкенов заңсыз түрде бір тәулікке темір торға қамайды. Келесі күні психикалық сауықтыру орталығына апарып тастайды. Жетпісбаевтың психикалық денсаулығына дәрігерлер «Госпитилизация керек емес» деген қорытынды шығарады. Каблуковадан шыққан ол үйге апарар жол таба алмай ізі-қайым жоғалып кетеді. Содан бері хабар жоқ...
Тамыздың 30-ынан 31-іне қараған түні Алматы ІІД жедел басқару орталығына Алматы қаласы Таугүл ықшам ауданы Жантөрин көшесінің бойында орналасқан тұрғын үй маңында белгісіз бір ер азаматтың жүргені жайлы мәлімет келіп түседі. Аталған мекенжайға жол патрульдік полициясының «Буран» экипажы келіп, белгісіз адамның жеке басын анықтау мақсатында Әуезов аудандық ІІБ қарасты полиция басқармасына Жетпісбаевты өздерімен бірге алып кетеді. Сол түні кезекшілікте болған учаскелік инспектор тексеру барысында азаматтың қалтасында ешбір құжат жоқтығын, тілінде мүкіс бар екенін анықтайды. Өзінің кім және қайдан екенін айтып бере алмаған Балхашқа белгіленген ереже бойынша 103 телефонына хабарласып, №9 бригаданы шақыртады. Олар оны психикалық сауықтыру орталығына алып кетеді. Қыркүйектің 10 күні Жетпісбаевтің туған ағасы Нұрбек Мамытбекұлы Бостандық ауданының ІІБ-на туған інісінің із-түзсіз жоғалуына байланысты арыз түсіреді. Қазіргі кезде жоғалған адамды іздеуге аудандық ІІБ қызметкерлері ғана емес, қалалық криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері жұмылдырылды. Арнайы іздеу тобы құрылды. Іздеу ісі қозғалды. Барлық полиция бөлімшелеріне, адам көп жүретін қоғамдық жерлерге Балхаштың бағыттамасы (ориентировкасы) берілген. Іздестіру ісі аясында Джетписбаев Балхаштың есепте тұрғаны, диагнозы жайлы ақпаратты қалалық психикалық сауықтыру орталығы ІІБ-на беруі мүмкін. Бірақ дәл қазір ІІБ пресс-службасы ондай ақпарат сұрай алмайды.
Қалалық психикалық сауықтыру орталығының айтуы бойынша
Пациентке байланысты қандайда бір дерек заңмен қорғалған жабық ақпарат болып саналады. Оны тек ресми сұрау бойынша ІІБ-на, пациенттің қорғаушысына ғана бере аламыз. Ал, журналистер бұл категорияға жатпайды. Сол себепті мәлімет ала алмайды.
Журналистің пікірінше
Ол – тағдыр тәлкегіне түскен адам.
Ол – томаға-тұйық, өз-өзіне сенімсіз жан.
Ол – отбасын құра алмаған сүрбойдақ.
Ол – жұмысқа жарамсыз.
Ол – Ұлы жүздің шапыраштысы.
Ол – дәл қазір көмекке мұқтаж қазақ.
Жазира Байдалы
Дереккөз: qamshy.kz