Алматының биылғы бюджеті нақтыланып бекітілді

Алматының биылғы бюджеті нақтыланып, бекітілді. Мәслихат депутаттары қаланы дамытуға бағытталған ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жолдаған. Нәтижесінде, жуырда Алматыда жаңа автопарк салынбақ. Қажетті құрылыс - қоғамдық көліктердің қатарын көбейтіп, жолаушы тасымалдау ісін ілгерілетуге септеседі. Бұдан бөлек, алматылық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға да жіті мән берілмек. Қалада бейнебақылау камераларының саны артып, шаһар толықтай көгілдір отынмен қамтылады. Жиын соңында, осы тақылеттес шаруаларды жүзеге асыру үшін, жергілікті бюджеттен 512 млрд теңгеден аса қаражат бөлінетін болды. 

Адуын арттырған Алматыда алда атқарар жұмыстар әлі де көп. Дағдарыста дағдырап қалмаған шаһар - бәз қалпынша еліміздің басты доноры саналады. Қалада салықтық түсімдер көбейіп, нақтыланған бюджет дұрыс жоспарланған. Оның үстіне, Универсиада нысандарының құрылысынан қомақты салық түскен. Осының арқасында, қала бюджеті шығыннан көрі, пайдаға көбірек кенелген. Мәслихат депутаттары бас қосқан бұл жиында Алматыны дамытудың тетіктері талқыланды. Шенділер осыған дейінгі кездесулерде өздерінің ұсыныстарын айтып, қалада қағажу қалған мәселелерді сөз қылған еді. Міне, шаһардағы қай салаға қанша қаражат бөлінетіні шешілді ақыры.                 

"Мәслихат депутаты Роза Кеңесханқызы фракцияның кезектен тыс өткен сессиясында Алматыда жаңа автопарк салу керектігін айтқан еді. Осы түйіткіл депутаттар тарапынан қолдау тауып, жұмсалатын қаражат көлемі белгіленген",- деді Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Мақсат ҚИҚЫМОВ. 

Жаңа коммуналды автобус паркінің құрылысына 5,1 млрд теңге қаражат жұмсалады. Есесіне, қалада қоғамдық көліктердің саны артып, жолаушы тасымалдау ісіне қарқын қосылады. Инфрақұрылым да жетіле түспек. Жаңа автобус жолақтары сызылып, жеңіл көліктердің қатары қысқарады. Қазір Алматыда салынатын 3 бірдей аялдама кешендерінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ол жұмысқа 11 млн теңге жұмсалған екен. Шаһар халқын толықтай газбен қамту ісі де - басты назарда. 

"Алматыға кейін қосылған аудандарды көгілдір отынмен қамтудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді. Ол үшін бюджеттен 242 млн.700 мың теңге бөлінеді. "Алатау" санаториясында жаңа қазандықтың құрылысы басталады. Кейбір аумақтарда ескірген құбырлар ауыстырылады. Қаланы селден қорғау үшін Кереңқұлақ пен Ерменсай өзендерінің арналары бекітіледі", - деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.        

Медицина саласы қалада құлашын кеңге жайып келеді. Бірақ, елге жаппай жеткізіліп жатқан жаңа жабдықтарды меңгеру үшін  дәрігерлердің біліктілігін арттыру керек. Ол үшін қазынадан 63,2 млн теңге қажет екен. Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ, қала халқының қауіпсіздігін күшейту үшін Алматыда бейнебақылау камераларының саны артады. Жаңа жарақтарды алу үшін бюджеттен 5,8 млрд теңге қарастырылған. Әсіресе, Наурызбай ауданын ілгерілетуге көп көңіл бөлінуде.                  

"Қаладағы білім беру мекемелерін қажетті жабдықтармен қамту ісі - жіті назарда. Наурызбай ауданында "Сәби" қорының қаражатына салынып жатқан мектепке жаңа құрылғылар алынады. Ол үшін жергілікті қазынадан 123 млн теңге бөлеміз. Сондай-ақ, қалада емхана, 5 мектеп пен 7 бөбекжай салынады. Тұрғын үйлердегі ескі жеделсатылар ауыстырылады", - деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.        
  
Мәслихат депутаттары көтерген түйіткілдің түгелі - осы жиында шешілетін болып келісілді. Еске салайық, қала билігі жыл басынан бері жергілікті бюджетті осымен 4- рет бекітіп отыр. Қалада мемлекеттік бағдарламаларды дамыту, тысқары аудандарға жарық пен су беру, жол төсеу мен құбыр ауыстыру жұмыстары жалғаса береді. Аулалар абаттандырылып, тұрғындардың жайлылығы ескеріледі. Жаңа жұмыс орындары көбейіп, инфрақұрылым дамиды. Осының барлығы - Алматының адымын алшаң бастыруға жасалатын қадамдар. 

Дастан Сейілханұлы

Дереккөз: almaty.tv