Кәсіпкерлер Берік Қаниев пен Алексей Ли Қазақстан қалаларындағы ауа сапасына қатысты мәселелерді шешу үшін "AirVision.kz" қоғамдық қорын құрды. Бұл туралы Қазақстандық баспасөз клубында өткен мәслихатта белгілі болды.
Берік Қаниевтің айтуынша, қордың басты міндеті – алдағы бірнеше жылдың ішінде Алматы қаласының ауасын тазарту. Бұл мәселені шешу үшін қор мемлекеттік органдар, азаматтық сектор, қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшы қоғамдастықпен бірге жұмыс істеу көзделіп отыр.
"Алматы ауасының ластануын шешудегі алғашқы қадам – заманауи мониторинг жүйесін құру, ол жүйеден келіп түскен мәлімет барынша толық, дұрыс болуы тиіс", - дейді ол.
Алексей Лидің айтуынша Алматыда ауа сапасына мониторинг жасайтын толыққанды жүйе жоқ. Мәлімет әртүрлі, олар жеткіліксіз.
"Ол аздай, мемлекеттік органдардан келетін ақпаратқа қоғамдық белсенділер сенбейді, ал белсенділердің мәліметіне мемлекеттік органдар сенбейді. Шиеленіскен бұл жағдайды шешу үшін, біз азаматтық және мемлекеттік сектордағы серіктерімізбен бірге бірегей жүйе құруға дайынбыз. Ол жүйеден түскен тұжырымдамалар барлық мүделлі тараптар үшін заңды болады. Мұндай мониторинг жүйесі пайда болмайынша, ауаны бәрінен де жылу электр станциясы ма, автокөліктер немесе жекеменшік сектор төңірегіндегі дау-дамай өрши береді", - дейді кәсіпкер.
Қор өкілдері тәуелсіз эко-мониторингпен айналысатын әріптестеріне де көмек қолын созатынын баса айтып өтті. Әсіресе, Павел Александров пен AuaGroup бастамаларының бір бөлігін қаржыландырмақ. Дәл мониторингтеу жүйесін құруға кететін шығын, алдын-ала болжам бойынша, жүздеген миллион теңгені құрауы мүмкін, сол себепті қор құрылтайшылары бизнес-қауымдастықтан өз бастамаларына қолдау көрсетулерін сұрады.
"Бүгінде экология мәселесі негізінен эко-белсенділер мен билік өкілдерін толғандырып тұр. Біз үшінші күш – бизнес-қауымдастықты да осы мәселеге жұмылдырғымыз келеді. Кәсіпкерлер – бұл елдің көшбасшылары, осы үрдістің басы қасында жүруге міндетті, әрі жүре алады. Еліміздегі жауыр болған экологиялық тауқіметтерді шешуде бизнес өкілдері нақты көмек көрсете алатынына сенімдіміз", - дейді Алексей Ли.