Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы тұрғындарымен кездесуі кезінде түйткілді мәселелерді шешу, халықтың жағдайын жасау, қазір және келешекте алдан шығуы мүмкін қиындықтардың алдын алу жайын нықтап айтты. Сондай-ақ қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды.
Президент бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді. Ауыз су мәселесіне айрықша тоқталып, оны шешудің тетіктері аталды.
Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты. Оның айтуынша, Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек.
Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы көтерген мәселелер Алматы қаласында расымен өзекті. Жастар үшін баспана мәселесі, тұрғындар үшін ауыз су мәселесін шешу – алдағы уақытқа қойылған басты міндеттердің бірі. Президент те осы мәселелерді шешу мен жолға қою жағын қала басшылығына арнайы тапсырды.