Алматының 11 оқушысы АҚШ-тың Кремний алқабына аттанды

Алматының 11 оқушысы АҚШ-тың Кремний алқабына аттанды
Фото: Алматы қаласы әкімдігі


AI Talents Almaty білім беру жобасының жеңімпаздары халықаралық технологиялық алаңда Қазақстанның атынан өнер көрсету, AI конференциясына қатысу және жасанды интеллект саласындағы әлемдік жетекші әзірлемелермен танысу үшін АҚШ-қа аттанды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.

AI Talents Almaty – мектеп оқушыларының цифрлық құзыреттерін дамытуға, бағдарламалау мен жасанды интеллектіні меңгертуге бағытталған білім беру жобасы. Жоба Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Әкімдік хабарлағандай, бағдарлама практикалық оқытуға негізделген. Оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, AI құралдарын қолдануды, цифрлық өнімдер әзірлеуді және жеке AI-агенттерін құруды үйренеді. Оларға IT-индустрияның кәсіби менторлары мен сарапшылары қолдау көрсетеді. Ал алған білімдерін хакатондарда және өз жобаларын әзірлеу барысында тәжірибеде қолданады.

Бағдарламаның нәтижелері:

  • 10 000 оқушы бастапқы тестілеуден өтті;
  • 1 500 қатысушы тереңдетілген оқытуға кірісті;
  • 1 000-нан астам түлек курсты аяқтап, Junior әзірлеуші сертификаттарын алды және өздерінің цифрлық өнімдерін таныстырды;
  • үздік 11 оқушы AITK Fest 2026 жеңімпазы атанып, Кремний алқабына бару мүмкіндігіне ие болды.

Алматы қаласы әкімдігі мәлім еткендей, халықаралық сапар аясында оқушылар TechEquity AI Summit 2026, Company Brain Hackathon іс-шараларына қатысып, Стэнфорд университеті мен Берклидегі Калифорния университетіне барады.

Қатысушылар әлемдік IT-индустрия өкілдерімен танысып, тәжірибе алмасуға және халықаралық технологиялық ортада өз білімдері мен дағдыларын сынауға мүмкіндік алады.

Бағдарламалаудағы алғашқы қадамдардан – халықаралық мүмкіндіктерге дейін!

AI Talents Almaty Алматының дарынды оқушыларына өз әлеуетін ашуға және жоғары технологиялар саласындағы болашақ мансабына алғашқы қадам жасауға көмектеседі.

Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал

О. Сансызбай
Logotype Massaget