Күннің суытуына байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Себебі алдағы күндері Алматыда қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына сілтеме жасап.
Қалада көктайғаққа қарсы шараларға 800-ден астам техника мен 1400 жұмысшы жұмылдырылған. Алматыда 14 қазаннан бастап жауын-шашын түсе бастады, арагідік жаңбыр жауады. "Қазгидромет" РМК-ның болжауынша, ертең, 17 қазанда қар жаууы мүмкін. Ауа райының суытуына байланысты ауа температурасы төмендеп, көктайғақтың пайда болуына әкелуі мүмкін.
Көктайғақ қаупіне байланысты, әсіресе әл-Фараби даңғылынан жоғары аймақтарда көлік иелері қауіпсіздік үшін жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырғаны жөн.
Коммуналдық қызметтер көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел жүргізуге дайын. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым, 841 техника және 1405 жұмысшы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы 76 тонна материал дайындалған.
Жолда көктайғақ болуы мүмкін, сондықтан жүргізушілер жылдамдықты азайтып, көлік арақашықтығын сақтап, шұғыл бұрылмауы керек, өйткені апат қаупі жоғарылайды. Жаяу жүргіншілер де тротуарларда жұқа мұздың пайда болу қаупіне байланысты абай болуы қажет.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз