- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Туризм
Алматылықтар Үндістанның тағы бір қаласына тікелей рейспен ұша алады

Алматылықтар Үндістанның тағы бір қаласына ұша алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыдан Мумбайға тікелей рейстер 2025 жылғы 20 сәуірден бастап ашылады.
Алматы - Мумбай бағытындағы рейстер Airbus ұшақтарымен аптасына үш рет: жексенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері орындалады. Алғашқы рейс Алматыдан 20 сәуір күні 04:30-да ұшып, Мумбайға келесі күні жергілікті уақыт бойынша 09:55-те келіп қонады. Мумбайдан қайтатын рейс 11:00-де ұшып, Алматыға 14:45-те жетеді. Алматыдан Мумбайға дейін ұшу уақыты - 4 сағат 50 минут, кері бағытта - 4 сағат 20 минут.
Осылайша, елдер арасындағы жолаушылар рейсі үш әуе компаниясының төрт әуе бағыты бойынша аптасына 21-ге дейін артады. Қазіргі уақытта Алматы - Дели (Air Astana және IndiGo әуе компаниялары аптасына 7 рейс орындайды), Алматы - Гоа (SCAT - 2 рейс) және Астана - Гоа (FlyArystan - 2 рейс) бағыттарында тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылады.
Алматыдан Мумбайға жаңа рейстерді Air Astana әуе компаниясы орындайды. Әуе тасымалдаушының баспасөз қызметінің хабарлауынша, билеттердің екі жаққа бағасы барлық алым мен салықты қоса алғанда, эконом-класта 210 201 теңгеден, ал бизнес-класта 588 202 теңгеден басталады.
Дегенмен Қазақстан мен Үндістан арасында визасыз режим жоқ екенін ескерген жөн. Сондықтан жолаушылар елге кіру үшін алдын ала виза алуы керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лес