Ауыз судың сапасына күмәнданған кейбір алматылықтар оны тазарту үшін үйлеріне сүзгі орнатады. Ал мұндай құрылғылардың бағасы нарықта әртүрлі. Мамандардың сөзінше, айына 200-300 Алматы тұрғыны ауызсуға сүзгі сатып алады. Мұның себебі неде? Алматылықтар неліктен тазаланған су ішуге құмар? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
"Жағымсыз иісі мен дәмі бар"
Гауһар Сәкенқызы Алматы қаласы Шұғыла шағын ауданының тұрғыны. Ол бірнеше ай бұрын үйіне арнайы сүзгі сатып алған, айтуынша краннан ағатын ауыз судан "жағымсыз иіс шығады", "біртүрлі дәмі бар".
"Бұл шағын ауданға былтыр ғана көшіп келдік, бұған дейін қаланың орталығында тұрдық. Ол жақта краннан ағатын ауыз сумен ешқандай мәселе болмайтын, алаңсыз іше беретін едік, жағымсыз иісі де, дәмі де болмады. Ал жаңа пәтерге көшіп келгелі краннан су ішу мүмкін болмай қалды. Біртүрлі иісі мен дәмі бар. Кішкентай екі қызымның да денсаулығы үшін алаңдаймын. Сөйтіп ойланып жүргенде желілік маркетингпен айналысатын жігіттермен таныстық. Олар үйге келіп, біз тұтынып жүрген суды сынап, бізге сапасының төмен екенін анық көрсетті. Өздерімен бірге суды тазарту үшін көп сатылы сүзгі алып жүр екен, біздің краннан суды алып құйып еді, су сарғайып шыға келді. Жолдасым екеуміз мұны көріп шошып кеттік. Алайда олар сұраған қаражат бізде болмағандықтан, ұсыныстарынан бас тартуымызға тура келді. Оның орнына, бізге қолжетімді бағада басқа сүзгі орнаттық", - дейді ол.
Көрші тұрғын үй кешенінің тұрғыны Сәбит Қайратұлы да тура осылай ойлайды.
"Біз үйде краннан ағатын ауыз суды ішпейміз. Біртүрлі дәмі, жағымсыз иісі бар, тіпті кейде сарғыш болып ағады. Аулада тұрған арнайы құрылғылардан 5 литрлік күбіге 50 теңгеге су құйдырып алып, соны ішеміз. Ал үйдегі кран суына тек жуынамыз, кір жуамыз, үй тазалаймыз", - деді қала тұрғыны.
"Айына 200-300 адам сатып алады"
Ал мұндай желілік маркетингпен айналысатындардан ауыз суды тазалауға арналған сүзгі-құрылғыны бағасына қарамай, сатып алып, үйіне орнататындар да бар. Алматыдағы осындай құрылғы сататын мекеменің бірінің қызметкері сүзгіні айына 200-300 қала тұрғыны сатып алатынын жеткізді.
"Біздің компанияның Алматыдан бөлек, Астана, Ақтау, Шымкент, Талдықорған қалаларында филиалы бар. Сүзгіні Алматының өзінде айына 200-300 адам сатып алады. Құрылғыны бір рет сатып алсаңыз, жылына бір рет келіп ішіндегі сүзгіні тегін ауыстырып береміз. Ал басқа үйге көшетін болсаңыз, компанияның байланыс орталығына хабарласа аласыз, шебер келіп құрылғыны шешіп, жаңа баспанаңызға орнатып береді", - деді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген қызметкер.
Алайда сүзгі сататын мекеменің қызметкері құрылғының бағасын жасырын қалдыруды жөн көрді. Бірақ Massaget.kz тілшісі құрылғыны орнатқан тұрғындардан сұрап, оның бағасы осыдан 6 жыл бұрын 300 мың теңге болғанын анықтады. Егер құрылғының бағасы жылдан-жылға көтерілетінін ескеретін болсақ, бүгінде оның құны біршама қаражат шығады.
"Алматы Су" мекемесінің жауабы"
Осы тұста Massaget.kz тілшісі Шұғыла шағын ауданы тұрғындарының шағымына қатысты пікір алу үшін Алматы қаласын ауыз сумен қамтамасыз ететін "Алматы Су" мекемесіне ресми сауал жолдады.
"Алматы Су" мекемесінің жауабында бүгінде мегаполиске жеткізілетін судың 70 пайызы тереңдігі 150-ден 500 метрге дейінгі 386 артезиан ұңғымасынан алынатын жерасты су көздері екені жазылған. Қаланың жоғары бөлігінде тұратын қала тұрғындары Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай және Қарағайлы өзендерінен сумен қамтамасыз етіледі.
Су қала тұрғындарына берілмес бұрын:
"Алдын ала тұндыру: ашық үлгідегі құрылыста (радиалды тұндырғыш, шөміш тұндырғыш, тәуліктік реттеу бассейндері) жүргізіледі. Коагуляция классикалық коагулянттарды қолдану арқылы жүзеге асырылады - хлорлы темір, алюминий сульфаты, флокулянтты жақсарту үшін полиакриламид қосылады. Түрлі типтегі тұндырғыштарда коагуляциядан өткен су сүзгі стансаларына жиналады. Сүзгі жедел типтегі сүзгілерде жүзеге асырылады. Отандық өндірістің ұсақ қиыршық керамзиті ұзақ уақыт бойы сүзгі жүктемесі ретінде пайдаланылды", - делінген ресми жауапта.
Алматы бойынша тәулігіне орта есеппен 700 мың м3 су беріледі, ал жазда берілетін су көлемі 750-780 мың м3 дейін артады. Сонымен қатар, жауапта суды зарарсыздандыруға көп көңіл бөлінетіні жазылған.
"Суды зарарсыздандыруға көп көңіл бөлінеді, өйткені судың микробиологиялық ластануынан адам ауруларының қауіптілігі әртүрлі сипаттағы химиялық қосылыстармен судың ластануына қарағанда мың есе жоғары. 2009 жылы кәсіпорын натрий гипохлоритінің көмегімен суды залалсыздандыруға көшті. Бұл су дайындау нысандарының жанында тұратын қызмет көрсетуші қызметкерлер мен халықтың хлормен улану ықтималдығын жоққа шығарды", - делінген ресми жауапта.
"Ол сүзгілердің пайдасы жоқ"
"Алматы Су" мекемесінің жауабында ауыз суды тазалауға арналған сүзгінің пайдасы жоқ екені нақты айтылды.
"Қала тұрғындарына халықтың денсаулығын ойлайтын "қамқоршы" сынды адамдар жиі телефон қоңыраулары арқылы да, пәтерлер мен үйлерді аралау арқылы да краннан келіп тұрған суық суды талдауды ұсынып жүреді. Дәл тұрғындардың көзінше суға жедел талдау жасап, артынша суды тазартуға арналған әр түрлі сүзгілерді сатып алуды ұсынады. Алайда, ол сүзгілердің пайдасы жоқтың қасы. Мәселен, ауыз суда міндетті түрде белгілі бір мөлшерде тұз болады, бірақ үнемі сапасына қойылған нормативтік талаптардың шегінен аспайтындай мөлшерде болады. Олардың құрамын көбіне мәлім физикалық-химиялық тәжірибелер арқылы оңай анықтауға болады (электролиз, түссіз реагенттерді қосу).
Судың тұтынуға жарамдылығын тек аттестатталған әдістемелерге сәйкес арнайы зертханалар ғана сандық талдау нәтижелерімен бағалай алады. Әрине сауда өкілдері су құбырындағы су мен сүзгіленген судың құрамын үстірті салыстыру арқылы қала тұрғындарын адастырады", - делінген ресми жауапта.
"Алматы Су" мекемесінің мәліметінше, бақылау өлшемдеріне сәйкес Алматының суы, ауыз суға қойылатын бекітілген нормалар мен ережелерге, оның ішінде жалпы кермектік көрсеткіштері бойынша ШЖК (шекті рұқсат етілген концентрация) - 7 мг-экв./л. сәйкес келеді.
"Химиялық тұрғыдан алсақ ауыз су құрамы адам ағзасына қажетті микроэлементтерге толы. Су құрамында ауыр металдар, фенолдар және мұнай өнімдері жоқ. Бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша да қауіпсіз. Күнделікті тіршілігімізде суды қайнатқан кезде ыдыс түптерінде (шәйнек, ыдыстар, бойлер және т.б.) аздап қақтардың шөгуін байқаймыз. Бұл химиялық элементтердің табиғи құбылысынан пайда болатын шөгінді", - делінген ресми жауапта.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жұмысқа қабілеттіліктің сатылары қандай?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!