Алматыдағы жер сілкінісі кезінде тұрғындар үрейге бой алдырмады. Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство басшысы кеше жер сілкінісі кезінде ТЖМ бірінші минуттан бастап қажет шараларды үйлестіргенін атап өтті.
"Азаматтардың арасында үрей болдырмау үшін жер сілкінісі туралы және халықтың әрекеті бойынша хабардар етуді бастады. Сөйлеу дабылы, сирена және жергілікті объектілері жүйелері тартылып, телерадиоарналар арқылы жеткізу іске асырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар ашылып, 384 азаматтарды қабылдау пункті ұйымдастырылды. Тәулік бойы жедел желі жұмыс істеп жатыр. Кеше қабылдау пунктеріне 3 мыңға жуық адам орналастырылды. Оның ішінде 906 бала бар", - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде министрлік әкімдіктермен бірлесіп, қираған ғимараттарды анықтап жатыр.
"Министрліктің әуе кемесімен сел қаупі бар аумақтарды аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Алгоритимге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тартылды. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы барлық тіршілікті қамтамасыз ететін объектілер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деді министр.
Ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жағдай тұрақты екенін, алматылықтар үрей бой алдырмағанын жеткізді.
"Олжас Абайұлы, жер сілкінісін кез келген төтенше жағдай сияқты алдын ала болжау мүмкін емес. Осыған байланысты министрлік оның алдын алу және халықты бірінші кезектегі әрекетке дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұрын сізге баяндағанымдай 20 ақпаннан бастап Алматыда азаматтарды төтенше жағдайларға даярлау үшін министрліктің басшылары қатарынан жедел топ жұмыс істеп жатыр. Осы қысқа мерзім ішінде жер сілкінісі кезеңінде азаматтардың іс-қимылдары туралы ауқымды ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ол өз нәтижесін көрсетті. Бұл жолы халықтың көп бөлігі үрейге ұшыраған жоқ", - деді Шыңғыс Әрінов.
Оның айтуынша, жедел топ Алматыдағы 8 мыңға жуық ауланы аралап, білім беру объектілерінде 650-ден аса сабақ өткізген.
"Адамдар көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, памятка таратты. Кеше менің бұйрығыммен халықты оқыту және жер сілкінісі кезінде практикалық әрекеттерді пысықтау үшін Алматыға Ұзынағаштан әскери қызметшілер жіберілді. Қазір еліміз бойынша сеймикалық жағдай тұрақты", - деді министр.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!