- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматылықтар ауызсудан тарығып...
Алматылықтар ауызсудан тарығып отыр
Алматылықтар ауызсудан тарығып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жаз шығысымен тау етегіндегі аудан тұрғындары ауызсуға зәру болып қалады. Олардың айтуынша, бұл мәселе жыл сайын қайталанады. Тұрғындардың сөзінше, бұған құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар кінәлі.
"Каменское плато" шағынауданының тұрғындары жаз шығысымен сусыз қалады. Ондағы жұртшылық күніміз суды аңдумен өтеді екен. Бұл аймаққа су Каменское үстіртіндегі 3 ескі ұңғыма арқылы келеді. Мамандар су қысымының төмендеуінің басты себебін халық санының күрт өсуімен байланыстырады. Мәселен, ұңғымадағы су деңгейі 2,5 есеге азайып кеткен.
"Иә, олар солай" деп айтты былтыр қыста. "Режиммен береміз" деді, бірақ ешқандай да режимдері жоқ. Ешқандай да, өтірік. "Таңертең береміз" дейді. Таңертең жоқ. "Кешке береміз" дейді. Кешке жоқ. Сонда біздер суымызға да түсе алмаймыз, ішетін де суымыз жоқ. Өтірік айтады, ешқандай да бұл жерде график жоқ", - дейді қала тұрғыны Майра Асқарова.
"30 жылда қаншама үй салынды. Бірақ жаңа коммуникация жүргізілмеді. Сол тұрғын үйлер мен ғимараттардың барлығы бұрынғы ескі жүйені пайдаланады. Әрине, содан кейін су болмайды", - дейді қала тұрғыны Наталья Коржова.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, осы аумақты сумен қамтамасыз ету үшін 4 ұңғыма мен су резервуарының жобасы әзірленіп жатыр. Бұл Каменское үстірті, Көлсай, Мерейтой және Мұзтау шағынаудандарын сумен қамтамасыз етеді. Өткен айда басталған жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
"Жалпы Каменское плато шағынауданында бүгінгі таңда ресми мәліметтер бойынша 9 мыңға жуық адам тұрады. Енді басқа да мәліметтер бойынша 12 мыңнан 15 мыңға дейін жуық азамат тұрады. Оның бүгінгі таңда жартысы ғана Алматы су желілеріне қосылған. Соңғы 5-6 жылдарда сол қосылған абонементтердің жартысы жаздың кезінде су жетіспеушілігін, енді су жетіспеушілік проблемасы күнделікті жыл сайын өздерінің алдарынан шығады", - дейді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.
Бостандық ауданының тұрғындарының да су мәселесін көтергелі біраз болды. Осы айдың басында аптапта Ремизовкадағы бірнеше тұрғын үй мен саяжай кешендері судан әбден ташпылық көрді. Басты себеп су сорғылар ескіріп кеткені болды. Қуаты жетпейді. Бұл аумақтың суына "Орхан" серіктестігі жауапты. Мұндағы жұртшылық жағдайдың жақсы жаққа өзгеретініне сенбейді. Сондықтан биліктен өздерін орталықтандырылғын су құбырына қосуды сұрап отыр.
"Мұндай маңызды кәсіпорындардың бәрі мемлекет меншігінде болуы керек деп есептейміз. Ал мемлекет тікелей халық алдында жауапты болуы керек. Жеке компаниялардың жөні мүлдем бөлек. Олардың инвестиция салатыны бар, салмайтыны да бар. Көбі бірнеше жыл бұрын жекешелендіріп алған кезде қандай болды. Сол күйде ұстап келеді. Бұл жердегі "Орхан" дәл солардың қатарында", - дейді қала тұрғыны Әсия Дәмитова.
Өздерінің міндетіне салғырт қараған жеке компаниялардың кесірінен Ерменсай, Асқартау, Ақтөбе шағынаудандары мен Ремизовка, Курортное және Достық деп аталатын бау-бақша серіктестіктері де суға зәру. Олардың меншігінде 50 шақырымға жуық су құбыры және 25 шақырым кәріз жүйесі бар. Тұрғындармен кездескен әкімдік пен мекеме өкілдері келісе отырып, мәселені көп ұзатпай шешуге ұйғарысты. Ал жұртшылықтың күткеннен басқа амалы жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова