Алматыда әуежай маңындағы тұрғындар такси жүргізушілеріне наразы. Себебі олар соңғы бір жарым жылдан бері клиенттерді тұрғын үйлердің төңірегінде күтетін болыпты. Көлік қаптағасын, күнде кептеліс. Тұрғындардың сөзінше, жүргізушілер ішкен-жегенін де айналаға шашып кетеді екен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар такси жүргізушілері ең сорақысы – үлкен дәретін көпірдің астына сындыратынын айтты.
"Осы жерді жиналатын жер етіп алды. Біз өткенде көрдік, жиналатын нүктесі осы жер екен. Қаншама адам жиналса, соншама қоқыс. Оны жинап жатқан әкімдік жоқ. Баламен келе жатсаң, қуыстан біреу дәрет сындырып отырады", – дейді тұрғын Балжан Сұлтан.
Такси тұрағының азабын әуежайдың төңірегіндегі үш көшенің тұрғындары тартып отыр. Жолаушыларды күту үшін немесе темір тұлпарында түнеу үшін жүргізушілер үйлердің арасына дейін кіріп кетеді екен. Көліктің көптігінен күнде кептеліс. "Шыдай-шыдай шаршадық" деген жұрт шағымды шенеуніктерден бастап тәртіп сақшыларына дейін түсірген. Бірақ еш нәтиже жоқ деп қапалы.
Әкімдіктегілердің жауабы саябақ пен соған тиесілі автотұрақ мемлекет меншігінде болғанымен, жүргізушілердің қайда жиналып, не істейтініне араласа алмаймыз дегенге саяды.
"Түрксіб ауданындағы "Аспан паркі" нысаны бойынша жергілікті полиция қызметі және аудандық әкімдік қызметкерлерімен бірлескен сапар жасалды. Көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша тұрғындарға ыңғайлы болу үшін биотуалет орнату туралы шешім қабылданды. Бүгінде экология және қоршаған орта басқармасының ұйымы мемлекеттік сатып алу бойынша рәсім жүргізіп жатыр", – деп жазылған Алматы экология және қоршаған орта басқармасы жауабында.
Ал полицейлер осы айдың басынан бері 60-қа жуық жүргізушіні әкімшілік жазаға тартқан. Тыныштықты бұзып, қоғамдық орынды ластағаны үшін бәрі айыппұл арқалапты. Бірақ соның өзінде де тыйылар түрі жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!