- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ең төмен жалақы жалақы алматы кредит азық-түлік
Алматылыққа 1 айда 85 мың теңге жете ме? Зерттеу
Елімізде ең төмен жалақы мөлшері - 85 мың теңге. Бұл сома алматылық тұрғынға жете ме? Massaget.kz редакциясы тәжірибе өткізіп көрді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстанда 1 миллион 800 мың адам ең төмен жалақы алып жүр.
Алматыда 1 ай бойы ең төмен жалақы неге жетеді? Алдымен "жолдан" бастайық.
Жол: таңертең жұмыс орынға жету үшін метро мен автобусқа күн сайын 240 теңге жұмсалды. Ал барып-келуге 1 күнге 480 теңге кететін. Офисте 5 күн жұмыс істейтін адамнан бір айда 9600 теңге жұмсалады. Бұл - жалақының 11 пайызы. Бұдан бөлек, тәжірибе жүргізген тілші бір рет жаңбыр жауып тұрғанда таксиге мінген. Оның құны 4130 теңге болды.
Денсаулық: маусым ауысқан соң ағзаға түрлі витамин керек. Оның үстіне, әдетте күз - тұмау маусымы. Қазанда дәрі-дәрмекке жалпы 6270 теңге жұмсалды.
Түбіртек скриншоты
Қарыз: Тәжірибеге несиелерге төленетін қаражат кірістірілмегенімен, қарыз бен берешек қарастырылған. Бұдан бір ай бұрын алынған 6700 теңге қарыз иесіне қайтарылды.
Үйдегі интернет: жұмыс пен сабаққа интернет қажет болған соң ай сайын 7890 теңге төленеді.
Тамақ: екі аптада азық-түлік пен кафеге кеткен қаражатты қоса есептегенде 33 275 теңге жұмсалған.
Жоспарланбаған шығындар: Алматыда күз басталғалы жаңбыр толастамайды, сондықтан кез келген тұрғынға сапалы қолшатыр керек. Оның құны - 3800 теңге. Бұдан басқа, бұл айда тәжірибе жүргізген тілшінің жақынының туған күні болды. Оған тортқа 2807 теңге, шарға 850 теңге, гүлге 11000 теңге төленді.
Екі аптада жалпы жұмсалған сома - 86 322 теңге. Жалпы шығын ең төмен жалақы мөлшерінен асып, белгіленген сома 2 аптаға жетер-жетпес жұмсалып кетті.
Тәжірибе авторы қалған екі аптаға тағы 80 мың теңге қарыз алып өмір сүруге мәжбүр болды.
Бұдан бөлек, редакция Massaget.kz-тің Instagram-дағы парақшасында сауалнама жүргізіп көрген еді.
Сауалнамаға 1 тәулік ішінде 820 оқырман қатысқан. 85 мың теңге 1 айға жете ме деген сұраққа 71 адам "иә", 749 адам "жоқ" деп жауап берген.
Бұдан бөлек, оқырмандарға жалақының көп бөлігі қайда жұмсалады деген сұрақ қойылды. Топ-2 жауапты келтірсек, бұл - несие мен тамақ.
Еске салайық, бұған дейін қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда жалақы неге аз екенін түсіндірген еді.
Министр бүгінгі таңда 100-150 мың аралығындағы жалақыны қазақстандықтардың 35 пайызы алатынын айтты.
"300-600 мың аралығында 36 пайызы алады. Бүгінгі таңда экономиканың көрінісі сондай. Жалпы көп көмек беріліп жатыр. 2-3 жылдың ішінде мұғалімдер, дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Әлі де көбейеді деп сенеміз. Одан басқа ең төменгі жалақы 85 мың теңге", - дейді Такиев.
Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикалық сектордағы жалақы өндірістің өнімділігіне байланысты екенін айтады.
"Жалақы бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорындар табысы артқан сайын, қызметкерлердің жалақысын көтеруге тырысады. Екінші жағынан мемлекеттік қолдау шаралары кезінде қойылатын талап - қызметкерлерінің жалақысын көтеріп қоюы қажет. Егер бюджет саласы жайлы айтар болсақ, өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары бюджет есебінен мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерге жалақыны көтеру жұмыстары жүргізілді. Әлі де жүргізіліп жатыр. Сондықтан бюджеттің мүмкіндігінше халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жұмысты жалғастырамыз", - дейді Байбазаров.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек