Алматылық зейнеткерлер дәрі бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды. Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаевтан дәрі бағасын арзандатуды өтінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қаладағы дәріханалар дәрі бағасын жиі көтеріп жібереді. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 53 000 теңге. Досаев мырза сізден өтінеміз. Дәріханалардағы дәрі бағасын төмендетуді қолға алыңызшы", - деді қала тұрғыны.
Ал Ерболат Досаев "дәріханалардағы бағаны реттеуге атсалысатын арнайы құзырлы орын бар екенін айтты. Тұрғындарға қажетті дәрілердің тізімін жасақтап, зейнеткерлердің өтінішін жолдайтынын жеткізді.
"Біз дәріханаларға барып қариялар ең көп тұтынатын дәрілердің бағасын біліп көрдік. Дәрігерлердің сөзінше зейнеткерлер көбіне қан қысымын төмендетуге арналған дәрілерді, буындардың сырқырауын басатын жақпа майларды, бауырға, өкпеге, өт жолдарына арналған қайнатпалы шөптерді де жиі сатып алады екен" дейді әкімдіктегілер.
Қаладағы дәріханаларды аралап, тілдесіп те көрдік.
"Бізге қариялар әр айдың соңында зейнетақы алған кезде келеді. Қолдарында үнемі үлкен тізім болады. Кем дегенде 20-30 мың теңгеге сауда жасайды. Күнделікті ішетін дәрілердің бағасы 1000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін барады", - дейді фармацевт маманы Сымбат Аманғалиева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!