Алматыдағы Зерделі шағынауданында көпқабатты үйдің тұрғындары көршісінен мезі болды. 40 жас шамасындағы азаматтың пәтерінен айналаға жағымсыз иіс тарап жатыр. Оның үйінің іші қоқыс пен қаптаған жәндікке толған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Олжас есімді ер адам - жетімдер үйінің түлегі. Ол далада қалмасын деп, мемлекет бұл пәтерді оның атына берген. Тұрғындардың айтуынша, Олжастың баспанасы 12 жылдан бері осындай күйде. Пәтердің ішінен шыққан иіс тұтас подъезге тарап, тіпті бірінші қабатқа дейін жететін көрінеді. Көршілер суын қостырып бергенімен, төленбеген қарыз қайта жиналып, миллион теңгеден асқан.
Бұл жағдайдан учаскелік инспектор да, санитария-эпидемиологияны бақылау қызметі де хабардар. Алайда нақты нәтиже болмай отыр. "Көшеде пышақ алып жүрген кезі де болған" деген тұрғындар балаларын сыртқа жалғыз шығаруға қорқады. Ал кешке ол үйіне адамдарды ертіп келіп, бірге арақ-шарап ішеді дейді. Тұрғындардың айтуынша, Олжас мәселені мойындайды, тіпті "тазалаймын, бәрін реттеймін" деп уәде де береді екен. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермеді деп отыр.
"Осы Олжаспен алысып келе жатқанымызға 12 жыл болды. Үйі шашылып жатыр. Өзіміз үнемі ақша жинап, үйін жинаймыз, тазалаймыз. Еш нәтиже жоқ. Жыл сайын екі-үш рет учаскелік полицей келеді. Оның да қолынан ештеңе келмейді. СЭС-ке де жаздық. Бармаған жеріміз жоқ. Үлкен дәрет, кіші дәретке отырып, терезеден лақтырған кездері де болды. Балаларымыз үшін қорқамыз. Бір кездері өзімен пышақ алып жүретін. Сол үшін оны пәтерден босатып, басқа, мұқтаж жандар баспана алсын деген ойымыз бар", - дейді көршісі Жазира Бақтиярқызы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек