Алматы қаласында орналасқан Сүлеймен Демирел атындағы университеттің үшінші курс студенті Қамбар Нұрлан домбыраны ұялы телефон арқылы үйренуге болатын «Dombra» мобильдік қосымшаны жасап шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Домбыраның мобильдік қосымшасын ойлап шығару туралы бастама Қамбардың ойына алғаш «ЭКСПО-2017» көрмесін аралап жүрген кезде келген.
«Алғаш Астанаға келген кезімде бірден «ЭКСПО-2017» көрмесіне бардым. Ол жерде әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттің меймандары өздерінің ұлттық құндылықтарын нақыштарымен ең соңғы технологияларға үйлестіріп көрсетіп жатты. Соларды көрген кезде домбыраны неліктен жаңа қырынан көрсетпеске деген ойға келдім. Гитараның, пианионың мобильдік қосымшасы бар. Осыған ұқсас домбыраның бүкіл пернелерінің дыбысын алып, мобильдік қосымша қылып шығардым», - дейді Қамбар Нұрлан.
Аталған мобильдік қосымшаны кез келген уақытта «Play market» қосымшасынан жүктеп алуға болады. Қазіргі таңда «Dombra» мобильдік қосымшасына «Еркем-ай», «Ерке сылқым» және «Балбырауын» күйлері енгізілген.
«Алдағы аптада осы үш күй қосымшаның ішінде толық үйренуге болатындай реттеледі. Домбыраны табиғи түрде ойнағандай, таза дыбыс береді. Қазіргісі еркін ойнауға болатын нұсқасы. Бағдарламалау саласында еңбек етіп жүргеніме екі жарым жыл болып қалды. Алдағы уақытта ұлттық «Тоғызқұмалақ» ойынының мобильдік қосымшасын жасап шығаруды көздеп отырмын», - дейді Қамбар.
Айта кетейік, Астана қаласындағы Назарбаев университетінде «Factorial Demo Day 2017» фестивалі өтіп жатыр. Фестивальге келген қонақтарға 100-ге жуық мобильді қосымша көрсетілді.
Дереккөз: inform.kz