Жуырда Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері көзге жоғары технологиялық ота жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ОҚКА офтальмологы Гүлзат Әбдірайымованың сөзінше, аурухана дәрігерлері көз жарақатын емдеуде орасан зор тәжірибе жинақтаған. Биылдың өзінде офтальмология бөлімшесінде 450-ге жуық ота жасалыпты.
"62 жастағы ер азаматтың көзіне металл сынығы түскен. Көлігін жөндеп жатқанда оң көзіне металл сынығы түсіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Металл сынығы көздің барлық қабатынан өтіп, көз орбитасының ішіне, жанардың жүйке тамырлары орналасқан тұсына қадалған. Ота барысында металл алынып, жарақаттың салдарынан болатын менингит пен сепсистің алдын алдық", - дейді офтальмология бөлімшесі меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.
Жоғары технологиялар мен білікті мамандар пациенттің көз жанарын сақтап қалды.
"Күрделі ота 3 сағатта аяқталды. Жалпы, мұндай ота асқан шеберлікті, зергерге тән дәлдікті талап етеді. Өйткені операция барысында көздегі шыныәйнектің пішініне титтей де зақым келмеуге тиіс", - дейді офтальмолог.
Қазір емделушінің жағдайы жақсы, көру қабілеті қалпына келді, бірақ ол алдағы уақытта көз дәрігерлерінің бақылауында болуға тиіс.
Осыдан біраз бұрын бұл аурухана дәрігерлері көзіне ұзындығы 3 сантиметрлік сым кіріп кеткен алматылық тұрғынның жанарын сақтап қалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!