Алматының Түрксіб ауданындағы арықтан өлі табылған қыздың жақындары әділдік талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Қызынан айырылып, қабырғасы қайысқан отбасы екі күн бұрын марқұмды жер қойнына тапсырған. Қалаға әке-шешесін асырау үшін барған ару қаза болмастан бұрын әпкесімен тілдескен екен.
"Жігітпен сағат 20:30-да кездескен. Ол жігіт туралы маған айтқан. 1991 жылы туған алматылық жігіт №148 мектепте оқыған. "Бір сағат кездесемін, ертең жұмыс, ертерек келіп, демалуым керек" деген ол қайтып келмеді", - деді марқұмның әпкесі Әйгерім Кенчебаева.
Кафедегі кездесу көңілінен шықпаған қыз, арада жанжал шыққан соң 102-ге хабарласып үлгерген. Әпкесінің айтуынша, далаға қашып шыққан қызды күдікті итеріп жіберген.
"Арықтың ішіне құлаған қыздың басына қан құйылған. Ал жігіт кетіп қалады. Бірақ 15-20 минуттан кейін келіп, Айнагүлдің телефонын жанына қояды да, қайта кетеді. Сұмдық қой, көріп тұрып, көмек көрсетпеген", - деді марқұмның әпкесі Әйгерім Кенчебаева.
Қайтып келмеген қызының мәйітін тануға сағат 02:00 шамасында әкесі барған. Қол-аяғы қалтырап қайтқан күйі Айнагүл екеніне сенбеген. Алайда ақ халаттылар миына қан құйылған деп диагноз шығарып беріпті.
"Ашығын айтқанда, қылмыстық істің бабын ауыстырмақ. Мен оның жазасын алғанын қалаймын. Әділдік талап етемін. Баладан айырылу - өте қиын жағдай", - деді марқұмның әкесі Жанатбек Кенчебаев.
Ал аудиода марқұм кездесуге бармас бұрын құрбысына жіберіп, кездесуге барамын да келемін деп жылы қоштасқан.
"Ақан сері көшесінің бойындағы "Лафа" кафесінде отбасымызбен тамақтанып отырғанбыз. Қарма-қарсы үстелден сіңілімді көрдім. Жанында бейтаныс жігіт болды, таныстырды, аты Әлен екен. Ал сағат 02:00-де суық хабар келді", - деді марқұмның туысы.
"Алматы қалалық полиция департаменті, аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осы қылмысты жасады деген күдікті 1991 жылы туған Т. есімді ер адам ұсталды және қамауға алынды", - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Қылмыстық іс жан-жақты тергеліп жатыр. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында екен. Ал кешірімге келген күдіктінің туыстары ұлының қылмысын жоққа шығарған көрінеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қыз жігітпен алғашқы кездесуде қайтыс болғаны хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!