- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматылық кардиолог энергетикалық...
Алматылық кардиолог энергетикалық сусындар жүрекке қалай әсер ететінін айтты
Қазір жүрек-қан тамырлар аурулары жасарып келеді. Алматы қалалық кардиология орталығының жоғары санатты кардиологы Зүлфия Мақашева жастардың да жүрек ауруларына жиі шалдығуын олардың өмір салтымен байланыстырды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жүрек ауруларының жасару тенденциясы 80-жылдардың соңынан бастап байқалды. Инфаркт шынымен де жасарып кетті. Оның негізгі себебі – біздің өмір салтымыз. Қазір біздің жастар фастфудпен, консервіленген өнімдермен, тіскебасарлармен тамақтанады. Аз қозғалады, көбіне компьютер алдында отырып жұмыс істейді. Түнде ұялы телефонға қарап жатады да, күндіз ұйықтайды. Күн тәртібін сақтамайды", – дейді маман.
Кардиолог Зүлфия Мақашева орталыққа миокард инфарктімен 28-35 жастағы науқастар да түсетінін жасырмады.
"Темекі тарту, алкоголь ішу секілді зиянды әдеттер де жүрек-қан тамыр ауруларының пайда болу қаупін арттырады. Көп қозғалмау, дұрыс тамақтанбау артық салмаққа әкеледі. Ал артық салмақ – қауіп факторларының бірі. Сондай-ақ күйзелістік жағдайлардың тікелей әсері бар. Қазір өмір қарбалас. Жастар аз уақыттың ішінде бәріне жеткісі келеді. Бұл олардың күйзелістік жағдайда жүруіне ықпал етеді. Бізге миокард инфарктісімен 28-35 жастағы науқастар түседі", – дейді дәрігер.
Энергетикалық сусындардың жүрекке әсері
Қазір ересектер де, жасөспірімдер де энергетикалық сусындар ішеді. Дәрігер энергетикалық сусындардың жүрекке қаупін түсіндіріп берді.
"Қазір жастар энергетикалық сусындарды көп ішеді. Тіпті күніне 10 құты энергетикалық сусын ішетін жастар бар. Олар мұндай сусындар жұмыс істеуге көмектесетінін айтады. Себебі түнде ұйықтамайды, күндіз жұмысы бар.
Энергетикалық сусындардың ішінде артериялық қысымның көтерілуіне, жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін кофеин және таурин секілді ынталандырғыштар бар. Олар жүрек соғысын жиілетеді. Бізде жүрек соғысы минутына 200-250-ге дейінгі пароксизммен түсетін жас науқастар бар. Бұл несімен қауіпті? Науқас аритмиялық шокқа түсуі немесе ол жүректің тоқтап қалуына әкелуі мүмкін", – дейді Зүлфия Мақашева.
Дәрігердің айтуынша, энергетикалық сусындарды көп ішкеннен кейін науқастың жүрегі тоқтап қалғаны және жастардың қайтыс болғаны жайлы мәліметтер бар. Сондай-ақ кардиолог энергетикалық сусындар жүрек бұлшық етінің зақымдалуына, яғни жүректің ұяғаюына әкелетінін ескертті. Бұл кардиомиопатияға, содан соң созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің пайда болуына ықпал етеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова