- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сергек камералары
Алматылық жүргізушілерге екі ай бұрынғы айыппұлдар келіп жатыр
Алматылық жүргізушілерге жол ережесіне қатысты екі ай бұрынғы айыппұлдар келе бастаған. Себебі "Сергек" камералары жүргізушілердің екі ай бұрынғы жол ережесіне қатысты заңбұзушылықтарын тіркеген. Қалалық полиция департаменті бұл жағдайдың себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс нормаларына сәйкес, құқықбұзушылық жасалған күннен бастап әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі - екі ай.
"Егер жүргізуші екі ай ішінде айыппұл туралы тиісті түрде хабардар етілсе және айыппұл төлеу қажет екені туралы талап қойылса, бұл талап міндетті түрде орындалуы тиіс", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы жолдарында автоматты түрде 3,8 миллион жол ережесін бұзу оқиғасы тіркелген.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы қанша алматылық VIP нөмір сатып алғаны туралы жазған едік.
"Азаматтарға арналған үкімет" мәліметінше, 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090 және 707 комбинациялары - ең танымал нөмірлер. Олардың бағасы 57 АЕК болады. Едәуір қымбат нөмірлер, мысалы, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 285 АЕК-ке бағаланады.
Жыл басынан бері Алматыда 5039 VIP нөмір сатылған. Былтыр 5415 нөмір сатылған болатын.
"Кейбір адамдар VIP нөмірлердің бағасын "Азаматтарға арналған үкімет" қояды деп қате ойлайды. Бұл Салық кодексімен реттелетінін және сатудан түскен барлық қаражат мемлекеттік қазынаға түсетінін атап өткім келеді", - деді №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Әсет Тұрғымбаев.
Айта кетейік, VIP нөмірлерді мамандандырылған ХҚКО немесе электрон үкімет порталы арқылы сатып алуға болады. Қызмет Алматыда бес жұмыс күні ішінде ұсынылады.
Биыл қаладағы мамандандырылған ХҚКО-да 863 324 көлік тіркеліп, 116 741 жүргізуші куәлігі берілген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина