Алматылық травматологтар науқастың аяғын 10 сантиметрге ұзартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға түскен. Оның шағымы - жамбас сүйегі тұсының ауырсынуы, жүріп-тұруының қиындауы және бір аяғының 10 сантиметрге қысқа болуы. Ол кейінгі 3 жылда өздігінен жүре алмай қалған.
Дәрігерлердің кеңесінен соң аяқ буынын ұзарту мен жамбас буындарына эндопротездеу отасын жасау туралы шешім қабылданған. Техникалық жағынан күрделі отаны ОҚКА травматолог дәрігері Дәулет Чукманов жасады.
"Біз қажет көлемдегі эндопротез алдық және жамбас буынының қалыпты анатомиясын қалпына келтіру үшін оны имплантацияладық. Ота барысында жамбас буыны зақымданғанын байқадық және аяғын 10 сантиметрге дейін ұзарттық. Ота сәтті аяқталды. Отадан кейін науқас физиотерапия, емдік жаттығу және оңалту курстарынан өтті", - дейді Дәулет Чукманов.
Күрделі ота науқастың екі аяғын теңестіруге көмектесті. Маманның сөзіне сүйенсек, аяқ сүйектерін ұзарту мен жамбас буындарын эндопротездеу осындай күрделі диагноз қойылған науқастар үшін ең тиімді емдеу әдісі саналады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз