Алматының балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігерлері қаңтар және ақпанда ұсақ магниттерді жұтып қойған екі балаға шұғыл ота жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 қаңтарға қараған түні іші қатты ауырған екі жасар сәби Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне түскен.
"Кішкентай науқастың ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр деп бағаланды. Баланың ішегінен 13 ұсақ магнитті көрдік", - деді қабылдау бөлімінің жауапты хирургі Азат Мамырасыл.
Балаға шұғыл түрде ота жасалған.
"13 магнитті ас ішектен шығардық. Операциядан кейін бала реаниматологтардың бақылауымен қарқынды терапия бөлімінде біраз уақыт болды. Содан кейін ол бейіндік бөлімге ауыстырылды, ал бір аптадан кейін үйіне шығарылды", - деді хирург.
Тағы бір жағдайда 7 жасар бала магнит ойыншықтармен 9 күн жүрген.
"Бала 27 қаңтардан бастап ауырған. Ата-анасы баласының жағдайы нашарлағаннан кейін жеке клиникаға апарған. Ол жерде рентгенге түсіріп, ішегінде бөгде зат барын анықтаған. Дәрігерлер ауруханаға жүгіну қажет екенін ескерткен, бірақ ата-анасы баланың жағдайын өз бақылауына алған", – деді Азат Мамырасыл.
Күн өткен сайын баланың хәлі нашарлай түскен. 4 ақпанда баланың іші қатты ауырып, әлсіреп, күніне 15 ретке дейін құсқан. Тек осы кезде оның жақындары жедел жәрдем бригадасын шақырып, шұғыл түрде балаларға жедел медициналық жәрдем көрсету орталығына алып келген.
"Балаға күрделі операция жасадық. Іштегі магнитті алып тастадық. Қуанышқа орай, баланы аман алып қалдық. Қазір ол толық сауығып, ауруханадан шығарылды, - деді дәрігер.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова