Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелге барған. Алайда отадан кейін глаукома мен мөлдір қабық бұлдырлануы сияқты асқыну белгілері байқалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, салдарынан әйелдің көру қабілеті күрт нашарлаған: бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзімен тек жарықты ажырата алған. Оған I топтағы мүгедектік белгіленген.
Көмек іздеген әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, ешбір маман оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Жалғыз үміт аздап болса да жарықты сезетін көзде болған.
Күрделі жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері Гүлзат Әбдірайымова өз қолына алған. Дәрігерлердің айтуынша, көзішілік қысым өте жоғары болуы жағдайды қиындата түскен. Ота барысында қан кету қаупі жоғары болған.
"Мамандар жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуды ұйғарды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі аралас ота барысында көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған антиглаукома отасы жасалып, мөлдір қабық трансплантатталды", - деп жазылған хабарламада.
Дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында көзішілік қысым төмендеп, отаға дейін тек жарықты ажыратқан көздің көру қабілеті қалпына келген. Науқас қайта көре бастаған.
Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында, оңалту курсынан өтіп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова