Алматылық ата-аналарға жақсы жаңалық: бір ауданда үш бірдей жаңа балабақша ашылады

Алматылық ата-аналарға жақсы жаңалық: бір ауданда үш бірдей жаңа балабақша ашылады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматының Наурызбай ауданында жыл соңына дейін үш жаңа балабақша ашылады. Бұл ауданда тұрғын үй кешендері бірінен соң бірі бой көтеріп, халық саны да күн өткен сайын артып келе жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Салыстырмалы түрде қаланың жаңа ауданы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Мұнда көпқабатты тұрғын үй кешендері күн санап көбейіп келеді. Бұл балабақшаға деген қажеттілік туындатып отыр. Қала әкімдігі мәліметінше, Наурызбай ауданында 2026 жылдың соңына дейін үш жаңа балабақша ашу жоспарланып отыр.

Нысандардағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қазір оларды пайдалануға беру үшін құжаттар рәсімделіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаева мәлімдеді.

"Жаңа мектепке дейінгі ұйымдар Қалқаман және Құрамыс шағынаудандарында, сондай-ақ, "Нұрлы Дала" тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қалқамандағы №207 балабақша 240 орынға, Құрамыстағы №203 және "Нұрлы Дала" тұрғын үй кешеніндегі №204 балабақшалардың әрқайсы 320 орынға есептелген", - деді аудан әкімі Нәзира Тоғызбаева.

2025 жылы қыркүйекте Шұғыла шағынауданында 320 орындық балабақша пайдалануға берілген еді.

Суреттер: Алматы әкімдігі

"Ауданда мектеп инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. 2025 жылы Шұғыла және Құрамыс шағынаудандарында жалпы сыйымдылығы 5 500 орын болатын үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2026 жылы әрқайсы 1 200 орынға арналған №223 және №41 жалпы білім беретін мектептер, сондай-ақ, 340 орындық №15 мектеп-интернат ашылды. Бұдан бөлек, 375 орынға арналған №174 мектеп-гимназияның қосымша ғимараты пайдалануға берілді", - деді Нәзира Тоғызбаева.

Айта кетейік, 2021 жылы Наурызбай ауданының халқы 163 мың адам болса, 2025 жылдың соңына қарай 239 мың адамға дейін өскен. Төрт жыл ішінде халық саны 76 194 тұрғынға, яғни 47 пайызға артқан. Бұл өсім балабақша, мектеп секілді нысандарға жыл санап сұраныс артып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget