Алматыға қыдырып келсеңіз: қаладағы көрнекі жерлер

Жазды барлық адам асыға күтеді. Шуақты ауа райы, табиғаттың әдемілене түсуі көңіл күйге жағымды әсер етеді. Оған қоса, жазда мектеп оқушылары каникулға шығады, ал көпшілік ересек еңбек демалысын алады. Жазда Алматыға қыдырып келуді жоспарласаңыз, қаладағы көрнекі жерлерді ұсынамыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көктөбе

Көктөбе – Қазақстанның көрікті орындарының бірі. Қаланың ең биік нүктесі – Көктөбе теңіз деңгейінен 1100 метр жоғары. Оған арқанжол арқылы көтеріліп, таулардың көрінісінен ләззат алу мүмкіндігіне ие боласыз. Биіктіктен таулар мен қаланың керемет көрінісі алақандағыдай көрінеді.

Әсіресе бұл жер түнде, қала әралуан түсті жарықтарға толған мезгілде әсемдікке бөленеді. Бұл достардың кездесетін, ғашықтардың серуендейтін, бала-шағамен қосылып, бірге қыдырып, демалатын және жай ғана  уақытты жақсы өткізетін орын. Көктөбе аумағында шағын зообақ, "Fast Coaster"  америкалық төбешіктері, жартасқа өрмелеу алаңы, мейрамхана, концерт залы және өзге де нысандар орналасқан.


Tengrinews.kz

Тұңғыш президент саябағы

Алматы қаласының көрнекі жерлерінің бірі — Тұңғыш президент саябағы. Бұл саябақ өзінің әдемілігімен, тазалығымен және үлкен аумағымен ерекшеленеді. Саябаққа кіру тегін. Оның сыртында да, ішінде де суретке түсетін жерлер көп. Саябақтың соңында алыстан қарағанда мұнараға ұқсайтын жер де бар. Ол жерге көтерілсеңіз, айналаңыздағы әдемі жерлер мен соғып тұрған самал жел керемет көңіл күй сыйламай қоймайды.


Tengrinews.kz

Республика алаңы

Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументі орналасқан. Тәуелсіздік монументі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бес жылдығына орай Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Республика алаңына қарама-қарсы Алмалы жерасты сауда орталығы орналасқан. Оның алды мәдени қоғамдық кеңістік. Алмалы орталығының алдының дизайны ерекше. Сондай-ақ ол жер әр маусымда немесе мерекеде басқаша безендіріледі. Алмалының алды тиктокерлердің сүйікті орны десек қателеспейміз.


Алматы әкімдігі

Тереңқұр

Суретке түсуге керемет тағы бір жер — Тереңқұр қала саябағы. Тереңқұр — алматылық "денсаулық жолы". Тереңқұр бойымен көптеген адам жүгіреді, жылдам жүріспен жүреді және жай серуендейді. Бұл жерде айналасында күркелері бар суқоймасы орналасқан. Ортасында әдемі суреттер жасауға болатын терраса бар.

Tengrinews.kz

Ботаникалық бақ

Ботаникалық баққа 2019-2020 жылдары масштабты қайта құру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде қонақтар үшін демалуға және өсімдіктер әлемімен танысуға қолайлы орта жасалды. Енді қазір ол алматылықтар үшін серуендеуге, таза ауамен демалуға және әрине, әдемі суреттер жасауға болатын керемет жерге айналды.


Tengrinews.kz

Метрополитен

Алматыдағы метрода 11 станция жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Әсіресе, "Алмалы", "Жібек жолы" және "Мұхтар Әуезов атындағы театр" станцияларында әдемі суреттер жасауға болады. Метроға жолақысын бір төлеп кірсеңіз, ішінде жүріп, әр станциядан түсіп, әрбіреуінің ерекше дизайнымен танысуға болады.

massaget.kz

Орталық демалыс саябағы

Бұл Алматыға демалып келетіндер жиі баратын қаланың көрікті орындарының біріне айналған Орталық мәдениет және демалыс орны. 1856 жылы салынған саябақ алғашқыда "Казённый сад" деп аталған. Саябақта қолдан жасалған су қоймалары (су аттракциондары, қайық станциялары),  стадион, велотрек, спорт кешендері, хайуанаттар бағы, мәдени іс-шараларды өткізетін алаңдар, 16 ірі аттракцион жұмыс істейді. 

massaget.kz

28 гвардиялық Панфиловшылар саябағы

Саябақ Алматы қаласының Медеу ауданында, 18 га жерді алып, Қазыбек би, Зенков, Гоголь және Қонаев көшелерінің арасында орналасқан. 

Саябақтың шығыс жағында Ықылас атындағы Халықтық аспаптар көрмесі, Офицерлер үйі, Жауынгерлер – интернационалистер ескерткіші, және Даңқ мемориалы мен Мәңгі алау орналасқан. 

Бұл саябақта Вознесенск кафедральді соборы да орналасқан. Бұл ескі ғимарат болғанымен, осы жерде ерекше әдемі суреттер жасауға болады. Сондай-ақ бұл жерде күнде көгершіндер ұшып жүреді. 

Tengrinews.kz

Шымбұлақ

Шымбұлақ шаңғы базасы — Алматыдан 25 км жерде, Кіші Алматы шатқалының көркем жерлерінің бірінде, теңіз бетінен 2270 м биіктікке орналасқан спорттық тынығу кешені. Ол 1954 жылы ашылды. Шымбұлақ тау шаңғы курортына арқанды жолмен шықсаңыз, таулардың әдемі көрінісіне көзіңіз тоймайды. Биікке көтерілген сайын ауа да таза бола түскенін байқайсыз. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!