FlyArystan әуекомпаниясы Алматы мен Павлодар арасындағы рейстерге қатысты өзгерісті түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуекомпания мәліметінше, 20 қазанда Алматыдан Павлодарға бағытталған FS-7131 рейсі әуежайға, яғни Алматыға қайта оралған. Кері бағыттағы FS-7132 рейсі де тоқтатылған.
"Бұған Павлодар әуежайында әуе кемесін мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігі болмауы себеп болды. Ұшу барысында Павлодарда күн бұзылып, жауын-шашын болжанды. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшар алдында міндетті түрде мұздануға қарсы өңдеуден өтуі қажет. Павлодардан қауіпсіз ұшып шығу мүмкін болмайтындықтан, жағдайдың алдын алу мақсатында әуе кемесін Алматыға қайтару туралы шешім қабылданды", - деп жазылған хабарламада.
Рейстер қайта басталатын уақыт қосымша хабарланбақ.
Әуекомпания өкілдерінің айтуынша, жауын-шашын кезінде және ауа температурасы нөл градусқа жуық болғанда әуе кемесінің бетінде мұз, қырау, қар пайда болуы мүмкін. Бұл ұшақ қанатының аэродинамикалық қасиеттеріне кері әсер етеді.
Мұздануға қарсы арнайы сұйықтық әуе кемесінің бетіндегі мұзды, қырауды, қарды кетіреді. Ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкес мұндай ауа райында тиісті өңдеуден өтпей, ұшуға жол берілмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова