- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыдан пәтер жалдағанда...
Алматыдан пәтер жалдағанда алданбаудың жолдары қандай?
Алатаудың баурайында орналасқан шаһарға демалып келушілердің қатары қалың. Алматыға алғаш келген адамның басты мәселесі баспана табу. Алайда пәтер жалдаймын деп алаяқтарға алданып қалатындар тым көп. Мәселен Krisha.kz қосымшасында пәтерге жүгінгендердің ақшасын алып, артынша ізім-ғайым жоғалатындар көбейіп кеткен. Әсіресе тәуліктеп, сағаттап беретіндер сан соқтырып кетеді екен. Massaget.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Интернет заманында ешкімнің көше кезіп пәтер іздемейтіні анық. Барлығы ыңғайлы қосымшаларға жүгінеді. Бірақ қосымша арқылы пәтер аламын деп ақшасынан қағылып жатқандар қаншама? Адамдар суреттен жалт-жұлт еткен бөлмені көріп алдын ала төлем жасайды.
фото: Krisha.kz сайтынан алынды
Кез келген алаяқтың мақсаты - жалға алушыдан немесе сатып алушыдан ақша алу. Кейбіреулер сені аяғандай көрінеді, енді бірі "бұдан басқа жақсы пәтер таппайсыз" деп сан түрлі сөз айтады. Сценарий әртүрлі болғанымен мақсат біреу. Депозит, алдын ала төлем, басқа адамның құжаттары мен пәтерлердің суреттері алдаудың қарапайым тәсіліне айналған. Ал олардан алданбаудың жолы қандай?
- Ең алдымен ол адамның сөзіне еш сенбеңіз. "Балам деген ата-апаларды", "у нас нету такое" деген орыс әпкелер де сізден ақша алу үшін түрлі сөз айтады;
- Krisha.kz қосымшасы мен whatsapp мессенджерінде сөйлескен нөмірлер әртүрлі болуы мүмкін;
- Нөмірді Getcontact немесе өзге де қосымшалар арқылы тексеріңіз;
- Пәтердің суреті мен орналасқан жері жалға берушінің айтқан бағасымен сәйкес келмейді. Әуезов, Бостандық аудандарынан 10 мың теңгеге пәтер берілмейтінін түсіну керек;
- Алдын ала төлем бағасының көптігі. 10 мың теңгеден көп ақша сұраса брондау сомасын аударудан бас тартуыңыз тиіс;
- Аударымды қай банкке аударып жатқаныңызға мән беріңіз. Altyn bank, РБК банк секілді банктердің картасына төлем аударсаңыз "алдандым" деп ойлай беріңіз;
Фото: pexels.com
- Kaspi.kz қосымшасы арқылы сөйлесіп отырған адамның аты-жөнін біліп алыңыз. Сондай-ақ жеке куәлігін жіберуді талап етіңіз.
- Жеке куәліктегі ЖСН нөміріне және адамның аты-жөніне назар аударыңыз. Чингиз, Баһадүр деген секілді шетел азаматтарының аты жазылған жеке куәлікке сенбеңіз.
Бірақ адамнан айла артылған ба? Кейбіреулері жеке куәлікті жіберіп, ақшаңызды Kaspi нөміріне аудартып тұрса да алдаудан тайынбайды.
Ал тұтынушының сеніміне кірудің сан түрлі жолын тапқандардан қалай сақтану керек?
- Ең бірінші үйде толық көрмейінше, пәтер берушімен көзбе-көз кездеспейінше ешкімге сенбеңіз;
- Ал сізде брон жасау ықтималдылығы басым болса, алдын ала төлем сомасын 5000 теңгеден асырмаңыз;
- Ең дұрысы үйді барып көріп, төлем жасаған абзал.
Пәтерді сатып немесе жалға алу кезіндегі тағы бір риэлторлерге алданып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан әрбір құжатқа қағілез болыңыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов