Air Astana әуекомпаниясының Алматыдан Лондонға бағыт алған ұшағы Германияның Франкфурт қаласына қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы әуекомпанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Лондонның Хитроу әуежайы жабылуына байланысты Алматы - Лондон бағытында рейс орындаған Airbus A321 әуе кемесі Франкфурт әуежайына қауіпсіз түрде қонған.
"Әуе кемесі бортында 138 жолаушы болды. 67 адамның жарамды Шенген визасы жоқ, сондықтан олар Франкфурт әуежайының транзит аймағында қалуға міндетті", - деп жазылған хабарламада.
Ал қалған жолаушыларды Франкфурттағы қонақүйлерге орналастыру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, Ұлыбританияға және Ұлыбританиядан қатынайтын жүздеген рейс әуе қозғалысын басқаратын Nats компаниясында болған техникалық ақауға байланысты тоқтатылған.
8 қыркүйекте Лондондағы Хитроу әуежайынан ұшатын барлық рейс шегерілген. Ақау сейсенбіде таңертең ерте болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова